2 млн-нан астам қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті – министрлік
- автор Admin
- 6 наурыз, 2024
- 643
"Мемлекеттік техникалық қызмет" мамандары zaimer.kz микроқаржы ұйымының клиенттері болған қазақстандықтардың жеке деректері тарап кеткенін анықтады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылғы 5 наурызда "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ zaimer.kz ("МҚҰ "ЖШС Робокеш.кз") микроқаржы ұйымының 2 млн-нан астам қазақстандық клиентінің жеке деректері таралғанын анықтады.
"Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам (РФ - 23,6 млн (zaimer.ru – 16.8 млн, adengi.ru - 6.8 млн.); Филиппин - 5 млн. (digido.ph); Вьетнам - 2 млн (vietloan.vn) деректері анықталды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі клиенттердің жеке басын анықтау нәтижелері бойынша азаматтарға EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы тиісті хабарламалар жолдайтынын хабарлады.
Министрлік деректері тараған дерекқор операторларына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізбек. Ведомство өкілдері Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылатынын атап өтті.
"Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша деректер базасының операторларына қатысты заң талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылады, сондай-ақ санатына қарай 100-ден 1000 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Министрлік тарапынан жеке деректердің таралуына жауапкершілікті күшейту шараларын қарастырылып жатыр", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.