Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Абай облысында ауылдарды су басып, Семей көшесі көлшікке айналды

Абай облысында ауылдарды су басып, Семей көшесі көлшікке айналды
ТЖМ
Бақыт ауылы қызыл судың астында қалды

Абай облысында күн күрт жылынып, ауылдарды су басып жатыр. Тіпті еріген қар суы Таскескен-Бақты автожолын шайып кете жаздады. Мамандар төтенше жағдайдың алдын алғанымен, Бақты ауылы қызыл судың астында қалды. Елдімекендегі бірнеше үй суға малмандай болған. Ал Семейде қар еріп, көше көлкіген көлшікке айналды,деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Абай облысындағы Бақты ауылы қызыл судың астында қалды. Қаратау жотасындағы қалың қар еріп елдімекенге лап қойған. Алайда төтенше жағдайлар қызметкерлері тасқыннан қауіп жоқ деп жұртты жұбатып отыр.

— Бақты ауылы, Гагарина көшесі. Кешегі келген қар суы ешбір аулаға кірген жоқ. Алдын алу жұмысы жүргізілді.

Құтқарушылардың сөздерін тұрғындар өтірікке шығарды. «Аулаларға су кірмеді» деген маманның сөзі өтірік дейді жергілікті жұрт. Өйткені қызыл су бірнеше үйді басып, дүние-мүлкі малмандай су болған.

"Су неге кірген жоқ? Кәдімгідей кірген. Кілемдері су бетінде қалқып жүр. Ол кісі сол үйдің сыртында тұрып, «Бақты ауылына су кірген жоқ» деп жалған ақпарат беріп тұр. Мен оның аты-жөнін білмеймін. ТЖМ адамы. Біз деген балаларымызды сүйретіп, қайда баратынымызды білмедік",-дейді Бақты ауылының тұрғыны Ләззәт Айқазинова.

Ауылға аққан судың арнасын бұрып жатыр. Семейден қосымша құтқарушылар аттанды. Жалпы 100-ден астам адам мен 18 техника тәуілік бойы елдімекенді қызылсудан сақтап қалуға қам жасауда. Олар ауылдың төңірегіне қап-қап құм толтырып, бөгет орнатқан.

Қыста жауған қалың қар семейліктерді де сергелдеңге салды. Облыс орталығындағы көшелер көлшікке айналған. Шеткі аудандардағы судың тереңдігі кей жерде 30 сантиметрге дейін жеткен. Бес көше су астында жатыр. Әсіресе Шығыс, Жоламан, Нахаловка кенттерінде тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаған.

"Садовая бойынша жұмыс әліде жалғасуда. Жер астындағы сулар көтеріліп жатыр. Сондықтан онда жұмыс жүріп жатыр. Түнгі 11-ден бастап, түнгі 3-ке дейін әскери қызметкерлер 68303 азаматтық қорғаныс әскери бөлімінің қызметкерлерімен Садовая көшесіндегі арықтар тазаланды. Мұз қатып қалған",-дейді Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.
 

Абай облысында 38 елдімекенді тасқын шаю қаупі бар. Әсіресе тау бөктеріндегі Үржар, Мақаншы, Ақсуат аудандары зардап шегуі мүмкін. Сондықтан тасқынның алдын алу үшін бұл аудандарға қосымша құтқарушылар жіберілді.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар