Белгілі жазушы, журналист Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті. Қаралы хабарды журналист Қасым Аманжол өзінің Facebook парақшасында бөлісті, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
"Қош болыңыз, Аға... Осы ғұмырымда тағдыр жолықтырған, туған әкемдей болған, ең аяулы, ең қимас адамның бірі Өзіңіз едіңіз...
Қадірлі ағайын!
Жұмабай аға Шаштайұлының қонақасы бүгін Музей Жамбыл ауылында, "Жамбыл" кафесінде кешкі ауызашармен бірге өтеді.
Жаназа - ертең", - деп жазды ол.
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
Ол 1990-1992 жылдары "Қазақ тілі" қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық "Заман-Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы болса, 2008-2017 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактор болып еңбек етті.
Жазушы ретінде Жұмабай Шаштайұлы "Аспанқора", "Шал мен жылқы", "Құралайдың салқыны" сияқты классикалық шығармаларымен танымал.