"Қолымыз қан болса, бұлай жүрмес ек": Мақпал күйеуі Заманбектің өліміне қатысты шындықты айтты (видео)
- автор Admin
- 13 наурыз, 2024
- 4.0k
Танымал әнші Мақпал Жүнісова күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің өлімі жайлы сөз қозғады. Видео TikTok әлеуметтік желісінде bekarstan9006 есімді қолданушының атынан жарияланды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
"Ішімде жатқан нәрсені бүгін шығарып тастайын. Ақыры ашылмады. Күтіп келе жатырмыз. "Біресе анау өлтірді, біресе мынау өлтірді" дейді. Ең соңында "Мақпал өлтірді" деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады. Оны да естіп жатырмын, ағайын. Туған балалары "Мақпал өлтіруі мүмкін" деген әңгіме таратып жатқан көрінеді. Төбеде Алла бар ғой. Қолымыз қан болса, бұлай жүрмес едік. Зәкең де "Мақпал, мені үш рет ата сал" дейтін азамат емес қой.
"Сол күні қайда болдыңыз? Қайтыс болған күні қайда болғанын неге айтпайды?" дейді екен. Күйеуім қайтыс болған күні мен үйде болдым. Құрметті, Қайрат Нұрқаділов, сізге халықтың алдында жауап берейін. Бәрі біледі, шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын. Үйде болдым. Зәкеңді екінші үйде атып кетіпті. Шамамен сағат 7:15-те атыпты. Өйткені, 6:40-та ол кісімен сөйлескенмін. "Бұл үйге жолама. Ана үйге қайт, қайт" деп маған балконда айқайлады. Телефонды алмаған еді, балконнан айқайладым. Зәке, неге тұтқаны көтермейсің? Неге есікті ашпайсың деп айқайлап тұрмын. "Мына үйге келуші болма" деп жауап берді. Неге олай айтқанын кеткеннен кейін бір-ақ түсіндім.
Бірақ осыған біраз адамдар басқаша сұқбат беріпті. Ашатын болсаңдар, дұрыстап ашыңдар. Ашпайтын болсаңдар, дұрыс әңгіме айтыңдар. Бұрыс әңгіме таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Көршілер де, туыстар да біледі ғой. Сол күнгі түсірілген нәрсенің бәрін менің рұқсатымсыз, Қайраттың өзі полицияға "Алып кетіңіздер" деп нұсқау берді. 16 камераның 14-і болды. Шет жағасын мен де көрдім. Кім кірді, кім шықты бәрі көрініп тұр ғой. Полицияға мені кінәлағанда, өздері көрсетті.
Адвокатым екеуміз "Бәрі тұр ғой, әне. Соны таппайсыңдар ма?" дегенде, әлгі жігіт шошып кетті. Түсірілген нәрсені бізге бермеді. Содан бері 17 жыл өтті. Мен "Өлтіріп кетті", деп айқайғанда, бұрынғы әйелі, қызы, баласы неге менімен бірге айқайламады? Өзін өзі атпады деп неге айқайламады? "Өзін өзі атты" деп қол қойып берген солар ғой. Зәкеңнің әруағына тыныштық берсін. Ашатын болса, тыныш ашсын. Ашпайтын болса, үндемесін. Артық айтсам, кешіріңіздер. Бірақ шындығын айттым", - деді Мақпал Жүнісова видеода.
Айта кетейік, осыған дейін Мақпал Жүнісова күні кеше домбырасын бортқа алмағаны үшін FlyArystan әуекомпаниясына наразылығын білдірген болатын.
Еске сала кетсек, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов осыдан 19 жыл бұрын өмірден өтті. Саясаткер 2005 жылдың 12 қарашасында кешкісін Алматыдағы үйінде қаза тапты.