"Ханның қызы шуы": Тұрлыбекова үй қамаққа ауыстырылды
40 жастағы Қоғам белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекованы үй қамаққа ауыстырды.
Қызылорда облыстық соты 13 наурызда көпбалалы жалғызбасты ана, қоғам белсендісі 40 жастағы Сандуғаш Тұрлыбекованы үй қамаққа ауыстырды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Stan.kz-тің ақпаратынша, соттың Сандуғаш Тұрлыбекованы үй қамаққа ауыстырғаны туралы видео әлеуметтік желіде тараған.
Айта кетейік, Сандуғаш Тұрлыбекова 2020 жылдың 16 шілдесінде Жаңақорған кентінің ауруханаларын аралап жүрген Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың алдынан шығып, "Ханның қызысыз ба?" деп төтесінен сауал қойып, жол жабылудың себебін сұрап, түсірген видеосын әлеуметтік желіде жарияланған еді.
Видеода Тұрлыбекова мініп келе жатқан микроавтобусты жол полициясы "әкім жүреді" деп жібермей тұрғаны көрінеді. "Әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр болдым" деген Тұрлыбекова аурухана алдынан облыс әкімін көріп, "жолды жапқызатындай ханның қызы ма едіңіз?" деп сауал қояды. Белсендіге жүре жауап берген Әбдіхалықова кейін арнайы видео таратып, өзінің де, аудан әкімінің де, аудандық ішкі істер бөлімінің де жолды жапқызбағанын айтып, учаскелік полицияға кінә артқан.
Облыс әкімі мен қоғам белсендісінің диалогы әлеуметтік желіде кең тарап, түрлі пікір туғызды. Тұрлыбекова осыдан кейін аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасы шақырып, қысым жасауға тырысып жатқанын әлеуметтік желіде хабарлап жүрді.
Бұған дейін Сандуғаш Тұрлыбекова көршісі балағаттады деп айыпталып, істі болған еді.