"VIP сутенер": Алматыда жезөкшелік бизнесін ұйымдастырды деп айыпталған қыздың соты басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 наурыз, 2024
- 607
Алматыда жезөкшелер үйін ұйымдастырды және заңсыз есірткі сақтады деп айыпталған қызға қатысты сот басталды. Бұл туралы еліміздің Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
"Бас көлік прокуратурасы М.А.А.-ға қатысты Алматы қаласы Әуезов ауданының сотына Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық істі жолдады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-бөлігі (Бірнеше рет жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды" , - делінген Бас көлік прокуратурасы хабарламасында.
Олар бұрын "VIP сутенер" және Love Aika атымен танылған блогер Айка туралы айтылғанын растады. Ол 2023 жылғы 6 маусымда Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен ұсталды.
"Айка тізімі" деп аталатын тізім интернетте де тарады. Тізімде қазақстандық танымал тұлғалар, бизнесмендер, ірі қаржы институттарының қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің есімі жазылған. Алайда кейіннен құқық қорғау органдарындағы ақпарат көздері бұл тізімнің бар екенін жоққа шығарып, оның бопсалау үшін таратылған жалған ақпарат екенін мәлімдеді.