"ҚазМұнайГаз" Маңғыстау облысындағы ереуілшілерді жұмысқа оралуға шақырды
- автор kyn.kz
- 26 наурыз, 2024
- 491
"ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов заңсыз ереуілге қатысып жатқан Маңғыстау облысындағы "West Oil Software" кәсіпорнының қызметкерлерін жұмысқа оралуға шақырды. Бұл туралы Sputnik.kz басылымына сілтеме жасаған KYN.KZ хабарлады.
"Мені білесіздер, мен Маңғыстаудан келдім, мұнай-газ саласында көп жыл жұмыс істедім. Жерлестеріңіз ретінде сіздерді де 143 адам секілді жұмысқақайта оралып, отбасыларыңызды ойлауға шақырамын, - деді Союнов.
Бейнежолдауында ол келіссөз барысында жұмысшылар ҚМГ-ға қабылдауды, ұлттық компанияда қабылданған бірыңғай еңбекақы жүйесін қолдануды және кәсіпорынның жабдықтарын жаңартуды талап еткенін айтты.
"ҚМГ ереуілшілердің соңғы талабымен келісті, әзірленген бағдарламаға сәйкес үш жыл ішінде жабдық жаңартылады. Алайда West Oil Software командасын "ҚазМұнайГаз" ұжымына қабылдау және бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптарын орындау мүмкін емес", - деді ұлттық компания төрағасының орынбасары.
Союновтың айтуынша, көлік паркін жаңғырту аясында ҚМГ оны жаңарту бастамасын көтерді.
"Жұмысшылар қойған негізгі талаптарға сәйкес, мекеменің құрал-жабдықтарын жаңартып, сапалы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында үш жылдық кезеңге 202 бірлік техниканы жаңарту жоспары бекітілді, 2023 жылы 17 техника, 2024 жылдың басынан бастап барлығы 4 техника сатып алынды және пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін 70 техниканы жаңарту жоспарлануда", - деді ол.
Ақпандағы ереуілден кейін өз қызметіне қайта оралуға шешім қабылдаған 143 қызметкер қалыпты тәртіпте және ешқандай салдарсыз жұмысын жалғастырды.
"3-ші разрядтағы жөндеушілерге – 413 мың теңге, 4-ші разрядтағы жөндеушілерге – 499 мың теңге, 5-ші разрядтағы жүргізушілерге – 1 миллион 156 мың теңге, 6-шы разрядтағы жүргізушілерге – 1 миллион 196 мың теңге берілді", – деп мәлімдеді ҚМГ өкілі.
Сонымен қатар компания қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті бар және ол мыналарды қамтиды:
мемлекеттік мерекеде 50 АЕК мөлшерінде сыйақы,
125 АЕК мөлшерінде еңбек демалысының төлемі,
балабақшалар мен демалыс лагерьлерінің шығынын өтеу;
сондай-ақ некеге тұруға, бала тууға байланысты және 13-ші жалақыны төлеу бойынша материалдық қолдау көрсету.
"West Oil Software" компаниясының әлеуметтік пакетінің іс жүзінде "ҚазМұнайГаздан" еш айырмашылығы жоқ", - деді Союнов.
Оның айтуынша, 11 наурыздан бері ереуілге шыққан жұмысшылардың өкілдерімен келіссөздің бірнеше раунды өткізіліп, онда еңбек дауына қатысты жағдайлар талқыланған.
"Заңсыз ереуілге қатысушылар сұраған ҚР Еңбек кодексінің 173-174-баптарын қолдану мүмкін емес, өйткені ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі бар", - деп түсіндірді "ҚазМұнайГаз" басшысының орынбасары.
Осылайша "West Oil Software" ұжымын "ҚазМұнайГаз" ұжымына беру және бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптарын орындай алмаймыз, деп мәлімдеді Союнов.