"Соншама даурықтырып": Шаһизада "жыртық көйлек сатты" деген журналиске жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 наурыз, 2024
- 10.6k
“Дау-дамайсыз” бағдарламасының авторы, журналист Жазира Бегалы Шаһизаданың дүкенінен жыртық көйлек алғанын айтқан болатын. Әнші журналистің бұл шағымына қатысты жауап берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Дүкендегі киімдерінің бәрінің сапалы екенін айтқан әнші "сары жіппен тігіп, жыртық көйлек сатты" деген дауға қатысты жауап берді.
“Жыртық көйлек сатты" деген әңгімені айтамын. Шүберек болғаннан кейін ондай-ондай болады. Дүкенге толық әйел де, арық әйел де келеді. "Сізге сыймайды" дегеніңе қарамай киіп көреді. Содан артындағы жібі сәл сөгілген. Мысалы, кеше Жазира деген ханымның балалары осы 50 мың теңгелік көйлекті 20 мың теңгеге жеңілдікпен алған екен. Өзі бір дана қалған соң жеңілдікпен сатуға қойдық. Енді соны айқайлатып, "жыртық" көйлек деп салыпты. Бұл көйлек жыртылмаған, артқы жағы кішкене сөгілген. Жеңілдікпен алған соң 2-3 мың теңгеге тіктіре салуға болады ғой. Кеше осы көйлекті ұнатып бір қыз алайын деп еді, өлшемін таппай кетті", – деді әнші.
Әнші журналистің бұл әрекетін хайппен байланыстырып, өзінің ақымақ емес екенін жеткізді. Сондай-ақ ол намыстанғанын да жасырмады.
“Жыртық ештеңесі жоқ, сөгілген. Кез келген киім сөгіледі, өйткені бұл – шүберек. Соны соншама даурықтырып, бүкіл әлемге жайып жіберді. Түсінем, енді сондайдың арқасында контент жинап, лайк жинайтын, біреулердің арқасында нан табатын, пікір жинайтын адамдар бар ғой. Мен сондайға түсіп қалған екенмін. Кешірім сұраймын, өзінен де кешірім сұрадым. Сонда да ренжіп қалған көрінеді", – деді өнер иесі.
Еске салайық, журналист Жазира Бердалы бұған дейін балаларының Шаһизаданың дүкенінен киім алып, онысы жыртық боп шыққан.