Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстандағы 16 жылдық зейнетақы жинағым ұрланды – кинорежиссер

Қазақстандағы 16 жылдық зейнетақы жинағым ұрланды – кинорежиссер
"Ақ Жайық" ЖШС . Суретте: Карл Исабеков
Оның пікірінше, бұл ақша басқа адамға төленген, өйткені оны беру кезінде К.Исабеков Қазақстанда болмаған.

жылдан бері Ресейде тұрып жатқан белгілі журналист, жазушы, кинодраматург, кинорежиссер Карл ИСАБЕКОВ «Ақ Жайық» ЖШС газетінің редакциясына көмек сұрап жүгінді, деп жазады KYN.KZ ақпарат порталы.

Ол Қазақстанда еңбек еткен 16 жылда жинақталған 268 784 теңге көлеміндегі зейнетақы қаражатын қайтара алмапты. Оның пікірінше, бұл ақша басқа адамға төленген, өйткені оны беру кезінде К.Исабеков Қазақстанда болмаған.

Міне, оның хаты: «Мен балаларыммен және немерелеріммен Ресейде мерзімсіз ықтиярхатпен тұрамын, бірақ Қазақстан азаматы болып қала беремін. Хатымның төркіні мынада: менің жинақталған зейнетақым 2013 жылдың 30 желтоқсанында белгісіз біреуге берілген. БЖЗҚ-да ақшам жоқ екенін тек 10 жылдан кейін – 2023 жылдың маусымында, яғни өткен жылы білдім. Алайда, мен 2013 жылы мереке қарсаңында бұл ақшаны алмағаныма толық сенімдімін, өйткені мен отбасыммен Ресейде болдым.

Нақтылай кетейін, 2013 жылдың мамыр айынан бастап Томск қаласындағы Ресей зейнетақы қорынан төлемдер алып тұрамын. Өйткені, еңбек жолымның 45 жылын Ресейге, 16 жылын Қазақстанға арнадым. 2013 жылдың 30 желтоқсанында Томск қаласында болғаныма дәлел ретінде 2013 жылғы 25 желтоқсандағы ресми сот ұйғарымы бар. Онда мен талапкер ретінде еңбек өтілімнің дұрыс есептелмеуіне қатысты сотта болдым. Яғни, сот аяқталмай тұрып, елден кетуім мүмкін емес. Келесі сот отырыстары 2013 жылдың 26 желтоқсанында, одан кейін 27 және 29-ында өтті. Оның үстіне, Шығыс Сібірден Атырауға дейін жол жүру үшін бес күн кетеді.

Алайда, БЖЗҚ басшылығы мен қызметкерлері үшін менің дәл сол күні Атырауда физикалық тұрғыда болмағаным және жинақталған зейнетақымды алмағыным жөніндегі дәлелім маңызды болмады. Олар мен ақшаны жүгінгеннен кейін 12 күннен соң алды делінген қағаздарына сеніп отыр. Онда 2013 жылғы 24 желтоқсандағы арызым бойынша жинақталған зейнетақы қаражатымды «Сбербанк» АҚ ЕБ Атырау қаласындағы филиалынан мені 2013 жылдың 30 желтоқсанында алды деп жазылған. Ал 2013 жылдың 25 желтоқсанында таңертең мен Сібірдің Томск қаласында өткен сот отырысына қатысқанымды өздеріңіз білесіздер.

Атырау қ. БЗЖҚ-дан Ресейге жолданған құжаттарды қарап шығып, не қолымды, не жазуымды танымадым. Олар жалған еді.

Тағы бір маңызды жайт, менің Атыраудағы «Сбербанкте» ешқашан зейнетақы жинақтары болған емес, өйткені мен ешқашан бұл банктің клиенті болған емеспін және сәйкесінше бұл банкте есепшотым да болған емес.

Есепшотқа келетін болсақ, Кредит банкте шотым болды, бірақ ол 2011 жылы Ресейге эмиграцияланған соң жабылды.

Атырауға барған сапарымда осы мәселені шешу үшін Сбербанктің бас кеңсесіне («Атырау» сауда үйінің артында, Сәтпаев даңғылында, 2023 жылдың маусым айында атауы өзгерді) бардым. Сол жерде менің өтінішім бойынша лауазымды банк қызметкерлері, соның ішінде Асқар БИСАЛИЕВ 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі есепшотымды, 2023 жылдың 30 желтоқсанындағы төлем ведомствосын банк мұрағатынан іздестірді, бірақ таба алмады. Сөйтіп олар: «Сіз 2013 жылы біздің банктің клиенті болған жоқсыз, сондықтан Атыраудағы БЖЗҚ сіздің зейнетақы жинағыңызды Сбербанкте жоқ шотыңызға аударуы мүмкін емес» деген қорытынды жасады.

Бұдан басқа, БЖЗҚ маған зейнетақы жинақтарының төленгенін растайтын құжатты және алған ақша сомасын сөзбен жазып, қол қоюым керек болатын төлем ведомостісін көрсетіп, бере алмады. Бұл төлемге қатысты БЖЗҚ: «Төлем құжаттарының көшірмелерін ұсыну мүмкін емес» деп жазды.

Алайда, ҚР заңнамасына сәйкес БЖЗҚ және кез келген басқа мемлекеттік орган азаматтың өтініші бойынша, егер бұл құжаттар оның мүдделеріне қатысты болса, оған кез келген құжаттарды немесе олардың куәландырылған көшірмелерін беруге міндетті екені белгілі.

Осылайша, менің 368 882,32 теңге (ал БЖЗҚ есепшілерінің есептеуі бойынша – 268 784 теңге) көлеміндегі зейнетақы жинағымды белгісіз біреудің ұрлағаны факті болып отыр.

Қазір 73 жастамын, бұл жаста физикалық еңбекпен күн көру қиын. Ал интеллектуалдық еңбек бойынша, өкінішке орай, бұл тұрғыда ешқандай перспектива жоқ.

Мен халықаралық және ресейлік әдеби байқаулар мен кинофестивальдердің бірнеше дүркін лауреатымын. «Ақ Жайық» газетінің негізін қалаушы Әбділда МҰҚАШЕВТІҢ көзі тірісінде менің шығармашылық жұмысым, жазушылық қызметім туралы газетіңіз жазған еді. 2012 жылы баспахана «Опасные пришельцы» және «Виртуальное дитя» деген менің екі кітабымды шығарды. Ресейдің Proza.ru ұлттық әдеби порталында жарияланған бұл кітаптардан алынған шығармалар бүгінде ТМД, Еуропа және Америка оқырмандарына белгілі. Осы уақытқа дейін менің шығармаларымды әлемдегі миллионнан астам адам электронды түрде оқыды. 2019 жылы мен «Жыл жазушысы» Ресей ұлттық әдеби сыйлығының финалисі болдым және қазіргі орыс әдебиетіне қосқан елеулі үлесім үшін Ресей Жазушылар одағының Анна Ахматова атындағы әдеби медалімен марапатталдым. Осыдан кейін мен РЖО-ның тағы екі әдеби: 2022 – М.Цветаева медалін, биыл, 2024 ж. – М.Лермонтов медалін алдым. Енді мен Ресейдің «Мұра» («Наследие») және 2024 жылғы «Жыл жазушысы» әдеби сыйлықтарына қайтадан ұсынылдым, оның нәтижелері 2025 жылы белгілі болады. Өкінішке орай, бұл марапаттардың бәрінің ақшалай баламасы жоқ.

Сондықтан мен аз ғана ресейлік зейнетақыммен өмір сүріп жатырмын. 268 784 теңге көп ақша емес, бірақ қандай болса да менің ақшам, ол заңды түрде маған тиесілі.

Карл Шұғайұлы Исабеков, тжурналист, жазушы, кинорежиссер және сценарист».

Зейнетақы жинағын төлеуге қатысты жағдайды анықтау үшін «АЖ» БЖЗҚ Атырау облысы бойынша филиалына сауал жолдады.

Филиал директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТЫҢ қолы қойылған мынадай жауап келді: «Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтер БЖЗҚ кепілдік беретін зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайды. Өзінің қызметтік және функционалдық міндеттерін орындауға байланысты зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізген БЖЗҚ-ның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері ақпаратты жария етуге құқығы жоқ және оны жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады...

...Жоғарыда айтылғандардың негізінде, К.Исабековтың зейнетақы жинақтарының төлемі туралы редакция сұраған ақпараттың зейнетақы жинағының құпиясына жататынын ескере отырып, сонымен қатар редакцияның Кодекстің 55-бабының 4-тармағында айқындалған зейнетақы жинақтарының құпиясын ашуға болатын тұлғалар тізіміне енгізілмегенін қаперге ала отырып, К.Исабековке қатысты зейнетақы жинақтарының құпиясын ашу мүмкін емес.

Сонымен қатар, бұрын БЖЗҚ Қ.Ш.Исабековтың өтініші негізінде оған зейнетақы жинақтары бойынша төленген төлемдер туралы, оның ішінде төлемдерді растайтын құжаттар ұсынылып, толық ақпарат берілгенін атап өтеміз».

Зейнетақы ақшасы К.Исабековтің есепшоты жоқ банкке қалай түскені және БЖЗҚ-ның банкке аударылғаны туралы дәлелдер бар ма деген редакцияның хатта қойған сауалдары жауапсыз қалды. Редакцияға берілген жауапты қарап шыққан К.Исабеков БЖЗҚ-ның ақпараты толық емес, өйткені оған ақшаны алғанын және алған кезде қолы қойылғанын дәлелдейтін төлем құжаттарының көшірмелері ұсынылмағанын айтты.

- Бұл жағдай белгісіз біреулер жасаған қылмысты ашатын тиісті ведомстволардың қызығушылығын тудырып, БЖЗҚ-да азаматтардың жеке деректерінің сақталуы жетілмегендігіне назар аударып, ақшамды қайтарады деп үміттенемін, - деп сөзін түйіндеді К.Исабеков.

Әзірге журналист осыған қатысты жағдайды жан-жақты тексеруді сұрап, Атырау қалалық прокуратурасына жүгінуді жоспарлап отыр.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар