Су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қостанай әкімдігі тұрғындарға дабыл қақты
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 сәуір, 2024
- 440
Қостанайдағы су тасқынына қарсы жедел штаб жергілікті тұрғындарға төтенше жағдайға дайын болу керек екенін айтып, дабыл қақты. Өйткені Тобыл өзенінің деңгейі күн сайын көтеріліп келеді, деп жазады “Костанайские новости” басылымына сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі.
Өзендегі су деңгейі күрт көтерілген жағдайда Колесный ряд ауданын (Пионерская, Красный Кузнец, Тобольская, Юный Боец, Дачная көшелері) су басып қалуы мүмкін екен.
Сонымен қатар өзен жағасында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды су басу қаупі бар. Мәселен олардың қатарына "Апельсин" сауда орталығы, "Ақ шаңырақ" мейрамханасы, "Гранат" мейрамханасы және "Мохито" демалыс орталығы кіреді.
“Осыған байланысты, саяжай мен кәсіпорындар тұрғындары эвакуацияға дайын болуы керек. Қарт адамдарға, өздігімен қозғала алмайтын адамдар мен балаларды басты назарда ұстаңыздар. Жеке құжаттарды, ақшаны және басқа да құнды заттарды алдын ала жинап, дайыдап қоюға кеңес береміз”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік қостанайлықтарды үрейге бой алдырмай, төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуге шақырады.
Ведомство өкілдері тұрғындарға жедел көмек үшін 112 немесе 109 байланыс телефон нөмірлеріне хабарласу керегін айтты.