Су тасқынында көлігі су астында қалғандар қалай өтемақы өндіреді?
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 сәуір, 2024
- 3.1k
Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқынының болуына байланысты эвакуацияланған адамдар саны 97 мыңға жуықтады. Соңғы мәлімет бойынша, 3444 тұрғын үйді әлі су басып тұр. Ал су астында қалған автокөліктер саны туралы нақты мәлімет жоқ.
Бұл ретте көлігі су тасқынынан зардап шеккен және тіпті де жарамай қалған азаматтардың қалай өтемақы алуына болатынын түсіндіреміз. Оның екі жолы бар, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
İnformburo.kz мәліметінше, егер автокөлік иесі КАСКО сақтандыру полисін жасаса немесе көлігін табиғи апаттардан сақтандырған болса, өтемақыны сақтандыру компанияларынан өндіріп алады.
Басқа жағдайда көлік шығынын өндіру ісі "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидасына" сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған қағида бойынша, көлік иесі сәйкес ауданның әкімдігіне төтенше жағдай жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде құжат жинап, өтініш беруі тиіс.
Қажет құжаттар:
Зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (табиғи төтенше жағдай салдарынан немесе төтенше жағдаймен күрес кезінде мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда, ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәлік).
Табиғи төтенше жағдай туындаған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезінде жоғалған және/немесе бүлінген мүліктің тізімі.
Жергілікті әкімдік өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап, келесі 10 күн ішінде шығын көлемін бағалайды. Бағалаушыны көлік иесі таңдайтын болса, оның шығынын жергілікті атқарушы орган көтереді.
Қағида бойынша, өтемақы мөлшері зақымдалған автомобильді қалпына келтіруге қажет шығындардың немесе оның кеміген бағасына байланысты анықталады. Көлік жөндеуге келмейтіндей зақымдалса, оның қаншалықты тозғанын ескере отырып, нарықтағы құны төленеді. Зақымдалған мүлікті жөндеуге жұмсалған шығындар сәйкес смета немесе калькуляция арқылы расталады.
Жергілікті атқарушы орган бағалаушы қорытындысынан кейін 3 жұмыс күні ішінде бюджетті атқару жөніндегі облыстық уәкілетті органмен келісе отырып, қаражат бөлу туралы шешім қабылдауға тиіс. Өтемақыны төлеуге қосымша 30 күнтізбелік күн беріледі.
Қазақстанда -13 градусқа дейінгі суық ауа райы күтілуде
Ұқсас жаңалықтар
Әрбір бесінші қазақстандық шетелге көшуді қалайды
- авторТомирис Тоныкөк
- 5 желтоқсан, 2024