Караокедегі актер мен олигарх төбелесі: бостандықта қалған Идрисовтың баласы жайлы тың деректер шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 сәуір, 2024
- 1.6k
1 жылдан астам уақыт өтсе де атышулы актер мен олигарх ұлының караокедегі төбелесін көпшілік ұмыта қоймады. Әсіресе, актердің 6 жылға сотталып, бай баласының бостандықта жүргені жанға батады. Бірі бай баласы жап-жас актердің болашағына балта шапты деп айыптаса, енді өзгелері ел алдында жүрген Асқарда да қателік бар деген пікірде. Дей тұрғанымен атышулы істе есімдері ел есінде қалған қалталылар кімдер? Қандай лауазымда? Жиған байлықтары соншалық көп пе? Тың деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Оқиға болған күні түнде караокеде микрофонға таласқандардың бірі олигарх Дінмұхаммед Ыдырысовтың ұлы Жармұхамед Аппаз. Атышулы іске қатысқан Аппаз Ірі холдинг төрағасы, зауыт басшысы, тіпті жылу электр станциясының да иесі боп шықты.
Айта кетейік, қалталарылардың бұлайша талтаңдауы бірінші рет емес. Бишімбаев та адам баласын менсінбей, жан-жағындағыларды адам көрмей, әйелін де бір адым аттаттырмай, соңында өліміне күдікті боп істі боп жатыр. Сотта сонша дәйек, дәлелдер болса да сот әлі ұзап жатыр. Ал осыдан бірнеше апта бұрын тұрғынүй кешені күзетшісін көлігімен басып, жаншып өлтірген жігіт те осы Бишімбаевтың группаласы, қалталы олигархтың баласы еді.
ҚошЖармұхамед Аппазға қайта оралайық. Ол «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің лауазымды қызметін атқарады.
Орда.кз дерегінде оның өткізу жөніндегі директор болғаны жазылғанымен, қазіргі уақытта ресми сайтта ол өшірілген. Десе де кей деректерге сүйенсек, бай баласы ірі холдингтің тең құрылтайшысы көрінеді. Ал компания құрылтайшылары тізімінде 2 адам. Екіншісі анасы Магда Ыдырысова. Компанияның 99% акциясы сол анасына тиесілі болса, 1%-ы ұлдың еншісінде.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-і – Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласындағы жылу және электр энергиясының негізгі жеткізушісі. Компания Қазақстанның ең ірі энергетикалық компанияларының бестігіне кіреді. Ал Маңғыстау облысында электр энергиясын беру мен бөлудің 90%-на жауапты. Холдинг құрамына сегіз компания кіреді. Олардың ішінде "КЭЦ" ЖШС және "Өскемен ЖЭО" ЖШС де бар. Осы екі компанияның активтеріне тағы үш ЖЭО-ы қатысты: Қарағанды мен Өскемендегі жылу орталықтары.
Дей тұрғанымен дәл осы орталықтар қомақты қаржы әкелгенімен, қираудың шақ алдында тұр. Мысалға Қарағандыдағы 2 жылу электр орталығы тозудың «сары» тізіміне енсе, Өскемендегісі тіпті «қызыл» деңгейде. Бірақ әкелер табысы жыл сайын артып барады. Яғни. 2019 жылы компания небәрі 10,6 млрд теңге табыс тапса, 2020 жылғы пайда 19,76 млрд теңгеге өскен. Ал 2021 жылы табыс 21,3 млрд теңгені құрады.
Жармұхамед Аппазға қатысты бұл жалғыз холдинг емес. Олигарх ұлы сондай-ақ, еліміздегі Ordabasy Group басшысы. Компанияның екінші иесі ретінде әкесі Дінмұхамет Ыдырысов тіркелген. Сонымен қатар оның "YDD Corporation" ферроқорытпа зауыты, АйқараАуыл, Белогорское сынды кен орындары мен ALSAD құс фабрикасына, бекіре шаруашылығы, курорттық кешендерге де қатысы бары нақтыланып отыр.
Сонымен қатар олгиарх ұлының елдегі Qazaqpay және Qazaq Billing төлем жүйелерінде де активтері бар болып шықты. Соңғысы республикамыздың 10 шақты қаласындағы коммуналдық қызмет төлемдерін қабылдайды.
Ал "YDD Corporation" ферроқорытпа зауытын бизнесмен Ерлан Нығматуллинмен бірлесе жүргізеді. Бір қызығы аталмыш зауыт Қарағанды қаласында мемлекет қаражатына тұрғызылған.
Ыдырысовтар отбасындағы тағы бір ірі кейіпкер Жармұхамед Аппаз әкесі Дінмұхаммед. Ол Forbes тізімдеген еліміздегі ең бай 50 адамның қатарында.
Ыдырысовтар отбасындағы қалтасы қалың, құзыры жоғары азаматтар өте көп. Бұл қатарға тек Жармұхамед Аппаз ғана емес, әкесінің туған бауыры Құлмұхаммед Ыдырысовты, үш қарындасы мен анасы Магда Ыдырысованы да қоса аламыз.
Құлмұхаммед Ыдырысов «Aktobe Mining» ЖШС, «Komirtec», «INNOVATION & INVESTMENT» ЖШС және «Aлма Production» компанияларына иелік етеді.
Үш қарындасының да байлығы еш кем емес. Баян Ахметова Шымкенттегі «Qazyna Tekstil» компаниясын жүргізсе, Раушан Ыдырысова мал-жер шаруашылығына көңіл бөлген. Яғни Түркістан облысындағы «НҰРАН ҚҰРЫЛЫС» ЖШС-ін, Шымкенттегі «НҰР ҚАРАБҰЛАҚ» ЖШС-ін басқарып отыр. Ал Гүлнар Бекжанова «АИХО» ЖШС-мен қатар «BG-BOSFOR IMPORT EXPORT» және «T-OIL CO.» компанияларына ие.
Әрине, бұл тізбектелген деректер жинақталған ақпараттың белгілі бір бөлшегі ғана. Десе де осындай құдіретке ие бай баласының караокеде микрофонға таласып, атының елге мәлім болуы олардың байлығын да бағдарлауға түрткі болды.
Айта кетейік, ол оқиға 2022 жылдың желтоқсан айында болған. Алматыдағы «little Brazil» караоке мейрамханасында тіркелген жағдай көп көзіне тек 2023-ші жылы ілінді. Кейіннен төбелескендер қатарында белгілі актер Асқар Жұмабектің де болғаны айтылды.
Артынша бұл іс бойынша тергеу жүрді. Сотқа жетті. Нәтижесінде атышулы оқиғаға қатысы бар делінген жеті адам 6-дан 6 жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Актер Асқар Жұмабек те сол тізімде 6 жылға бас бостандығынан айырлды.