"Қуандықтың әкесі мені екі рет ұрып жіберді": Бишімбаевтың бұрынғы әйелі тың деректермен бөлісті (видео)
- автор kyn.kz
- 15 сәуір, 2024
- 6.9k
Назым Қахарман желідегі парақшасында өз атына айтылған айыптауларға түсінік берді. Ол тіпті Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін балаларының ата-әжесінен ұрыс есітіп, таяқталғанын да жайып салды, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Салтанат өлтірілгеннен кейін Қуандықтың ата-анасына көңіл айтып баламды, әпкемді, құрбымды ертіп бардым. Олар сол кезде Қуандықтың соттағы сөздерін айтып отырған еді. Меніңше, бұл жерде жағдайды қиындатпай,адам өлтіргенді мойындап, өкініш білдіру керек. Қалғанының барлығы қойылым. Екінші күні мен үш баламның қауіпсіздігі үшін ата-әжесінен көлік сұрап бардым. Өзімде көлігім бар. Бірақ, бүкіл ел шулап жатқанда балаларым таксиде, мектеп автобусында қандай да бір қысым, кемсіту естігендерін қаламадым. Соны ата-әжесіне айттым.
Олардан "Көліктің бәрі тергеу абақтысына тамақ, керек заттарды тасуға, қорғаушыларға жұмылдырылғанын" айтты. Бір сөзбен көлік жоқ деді. Ертеңінде менің балаларымның жағдайын білу үшін бүтін туыстан бір ғана адам хабарласты. Ол сотталып жатқан Бақытжан Байжанов. Ол менің жағдайымды түсініп, балаларға өз атындағы бір көлікті беретінін айтты. Кілітті ұлым барып алып келді. Бірақ оған сенім хат жазып үлгермедік. Бақытжанды тергеу абақтысына алып кетті. Сонымен "көлігімді ұрлады" дегені осы.
Тағы айта кететін жайт, біз ажырасқанда ешқандай мүлік бөліскен жоқпыз. Өйткені әкесі балалардың оқуын төлеп отырды. Керегін алып берді. Мен сол себепті мүлікке көңіл бөлмедім. Енді Қуандық адам өлтіре отырып, өзін өлтіргенін түсініп тұрмын. Ол енді балаларына қамқор әке бола алмайды. Соны айтып, шығындарымды есептеп әкесіне бардым. Ол менің дүниеге тәуелді екенімді айтып қолыма екі мәрте салып жіберді. Иә мен дүниеге тәуелдімін. Өйткені үш балам бар. Оларды жеткізуім керек",-деді Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман.