Тоқаев Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 сәуір, 2024
- 394
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
19 сәуір күні мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.
– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым.
Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.