"Электро шокермен ұрып, миын шайқалтқан": Ақтауда 7-сынып оқушысын өзінен үлкендер соққыға жыққан
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 сәуір, 2024
- 446
Ақтаулық тұрғын "балам әлімжеттіктің құрбаны болды" деп шағымданып отыр. Айтуынша, ұлын жоғары сыныпта оқитын бала электр шокермен ұрып, соққыға жыққан. Салдарынан 7-сынып оқушысының миы шайқалып, ауруханада жатып шыққан екен. Жәбірленушінің анасы баласын мұғалімдердің де кемсіткенін біліп, жағамды ұстадым деп отыр. Полиция қазір "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғап, тергеуді бастады. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мектепке білім алуға кеткен балам таяқ жеп келді" дейді Әсем Мұнатова. Айтуынша, оқиға 16 сәуірде түскі уақытта болған. 11-сынып оқушысы ұлын электр шокермен ұрып, жұдырық жұмсаған. Ең сорақысы, әлімжеттік жасаған бозбала бокстан спорт шеберіне үміткер дейді шыр-пыр болған ана.
“Электр шокермен бірнеше рет аяғынан ұрғаннан кейін Нұрбек тұрып, жаңағы баланы итереді. Итергеннен кейін менің баламды жағынан ұрып, құлатып, басы сәкіге тиіп, бірнеше минутқа есін жоғалтады”, – деп түсіндірді жәбірленушінің анасы Әсем Мұнатова.
Анасы бұл жағдайды жұмыстан келген кезде бір-ақ білдім деп отыр. Жеткіншек үйіне бара сала көңіл-күйі болмай, жарты сағат жуынатын бөлмеде отырыпты. Таяқ жеген бала қайта-қайта лоқсып, басы ауырған соң оны ауруханаға жатқызған екен. Полицияға да хабар берген. Алайда болған жайтты әлеуметтік желіге жарияламайынша іс қозғалмады дейді анасы.
“Ұрып болғаннан кейін мектепте бүкіл баланы жинап, "мына Нұрбекпен бүгіннен бастап ешкім қол беріп амандаспаңдар, Нұрбек – әлсіз" деп буллинг жасайды. Бізге басқа оқушылардан хабар келе бастады дене шынықтыру пәніне сабақ беретін ағайы мен тарих пәнінен беретін апайы менің балама буллинг жасаған. Басқа мұғалімнің сабағы үстінде келіп сыныпқа Қуатов Нұрбек – жаман оқушы, ол – біздің мектептің "шіріген картошкасы" деп менің баламды жамандап кеткен”, – дейді шыр-пыр болған ана.
Қазір полиция "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал мектепте болған буллингтен ұстаздар бейхабар дейді жәбірленушінің анасы. Білім ошағының басшылығы жоғары сынып оқушысының бұған дейін топтық төбелеске қатысып, ерекше бақылауда болғанын жасырмайды.
“Мектебіміз ішінен, сыртынан 78 камерамен жасақталған. Енді бұл кезде балалар тарап жатқандықтан оқиға байқалмай қалған. Ол жерде төбелес болған жоқ, екеуі сөйлесіп отырады да, бір кезде келіспей атып тұрып, бір-бірін итеріп қалып, бір қол жұмсау болған. Ол енді спортшы, боксшы, көптеген шараға қатысып жүр. Мінезінде кішкене тентектік бар. Өзін кей кезде ұстай алмай қалатыны бар”, – дейді №23 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жамилова.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде спорт мектебінің 8-сынып оқушысын өзінен үлкен оқушылар ұрып өлтірген. Мұны куәгерлер де, сараптама да растады. Қазір күдікке ілінген балалар қамауда отыр. Ұлынан айырылған ата-ана жауыздыққа барған жасөспірімдерді де, алғашында қылмысты барынша жасырған білім ошағының басшыларын да қатаң жазалауды сұрайды.