Прокурор автобус оқиғасы бойынша сотталушыға 8 жыл сұрады
- автор kyn.kz
- 25 сәуір, 2024
- 433
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгінгі жарыссөзде прокурор іс бойынша айыптау актісін оқыды. Оның айтуынша, 2023 жылдың 22 желтоқсаны күні кешке № 47-бағыттағы автобустың жолаушысы Дархан Ахметжанов пен жүргізуші Ермек Шөкебаеваның арасында жол ақысын төлемеуге байланысты жанжал шыққан.
«Ахметжанов жүргізушінің жол ақысын төле деген талабына ашуланып, жүргізушіден көліктің рұқсат етілмеген жерінде тоқтатуды талап еткен. Бірақ, жүргізуші тоқтаған жоқ, өйткені ол бұл жол ережесін бұзу екенін білді. Содан кейін айыпталушы автобустың жүргізушісі Шөкебаеваға оң қолымен екі рет соққа жасаған. Шөкебаева осы жағдайда бірнеше секундттқа есінен танып, жол бойындағы жаяу жүргіншілер мен көлікті қаққан», – деді прокурор.
Прокурордың айтуынша, айып толық дәлелденген. Сотталушы кінәсін толық мойындамаған.
«Құрметті сот, сотталушының жеке басын, жәбірленуші тараптың пікірін, қылмыстың қоғамға қауіптілігін ескере отырып, Ахметжанов Дархан Маратұлын ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі, ҚР ҚК 351-бабының 3-бөлімімен кінәлі деп танып 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», – дейді ол.