Жамбыл облысында интернатта жоғарғы сынып оқушысы 14 жасар ұлды зорлаған
- автор kyn.kz
- 27 сәуір, 2024
- 4.3k
Жамбыл облысында жоғары сынып оқушысы 14 жастағы ұлға азғындық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Сұмдық жағдай Байқадам Қашқынбаев атындағы оқу ұясының қабырғасында болған. Айта кетейік бұл мектеп- интернатындағы екінші жағдай. Былтыр дәл осы мектепте жетінші сынып оқушысы жүкті болып, 55 жастағы күдікті жуырда ғана сотталған еді. Бұл жолы біраз лауазымды тұлғалардың басы дауда қалар түрі бар, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Информбюроға сілтеме жасап.
Сорақы жайт, Саудакенттегі мектеп қабырғасында болған. Мұндағы интернатта 64 ұл-қыз жатып оқиды. Қазір жоғары сыныптардан жәбір көрген жеткіншек жалғыз ба көп пе тергеумен анықталуда. Әзірге сегізінші сыныптағы бір ұлға азғындық жасады деген күдікпен 11-ші сыныптың оқушысы қамауға алынды. Бірақ білім басқармасының басшысы бейнекамераларды бақылап бейәдеп әрекеттерді байқамадық дейді.
Суицид жасалды деген мәлімет жоқ. Бұны зорланды деп әзірге тіркелген жоқ. Себебі менің осы салаға келгеніме көп болған жоқ. Сондықтан әлі зерделеп үлгермедім. Жатақханасында ұл балалардың бөлмесіне дейін камерамен қамтылған. Бәрін өзім барып көріп шықтым. Камераға оқиға бейнеге түспеген. Менің ағаттығым енді сол мейлінше осы тәрбие жөніндегі осалдықтардың алдын ала алмағаным болып тұр",-дейді Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.
Полиция басқармасы жыныстық сипаттағы әрекетке барғаны үшін бір баланың тергеліп жатқанын жеткізді. Сот-медициналық сараптама да тағайындалыпты. Сондай-ақ бақылауды бос қойған бірқатар мектеп әкімшілігіне қылмыстық іс қозғалған.
"Кәмелетке толмаған 14 жастағы балаға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттерді жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалық кешен тағайындалды. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау түріндегі шарасы қабылданды",-дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Интернаттың оқытушылар құрамына қатысты міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Айта кетейік қазір жәбір көрген оқушы басқа мектепке ауыстырылды. Ал күдіктінің көп балалы отбасыдан шыққаны белгілі болды. Тоғыз баланың үлкені екен. Былтыр дәл осы мектепте жетінші сынып оқушысы жүкті болып, 55 жастағы күдікті жуырда ғана сотталған еді. Дүйім елді дүрліктірген екі бірдей оқиғадан соң облыстағы білім басшылары құзырлы орган тергеуінен бөлек бірқатар лауазымды тұлғаларды жазалауды бастап кетті.
"Тиісті деңгейде жұмыс атқармағаны үшін аудан әкіміне және облыстық білім басқармасы басшысына қатаң сөгіс ретінде жауапкершілікке тартылды. Және де арнайы нұсқамалармен тапсырмалар берілді",-дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календаров.
Осыдан үш күн бұрын болған жағдай күні кеше белгілі болды. Сұмдықты ести сала ауданға аттанған шенеуніктердің суыт жүрісінен ауылдықтар жайсыз жағдайдың болғанын білген.