“Сағат, минут санап кетесің”: Қалдыбек Құрманәлі бір өлімнен қалай аман қалғанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 сәуір, 2024
- 467
Отандық композитор, қоғам қайраткері Қалдыбек Құрманәлі жүрегіне күрделі ота жасатқан. Сол кезде нағыз ажалдың не екенін сезінген ол, тірі қалғанына ризашылығын білдіреді. Бұл туралы ол “Алғашқы” бағдарламасында айтып берді деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық агенттігі.
Айтуынша, дәрігерлер оған операция үстелінде өмірімен қош айтысуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда көрер жарығы болып аман қалыпты. Бірақ сол сәтте композитор бірнеше жыл бұрын өліп қалған итіне ескерткіш қоя алмағанына өкінген.
"Сағат, минут санап кетесің ғой. Ауруханада дәрігер келіп "үш күннен кейін жасаймыз... екі күн қалды" деп айтып тұрады. Ол маған "ажалыңа екі күн қалды" дегендей естіледі. Бір палатада жалғыз өзім жаттым. Тірі қалуым бірінші Құдайдың, екінші осы дәрігерлердің арқасы ғой. Ота алдында бір-ақ нәрсе ойладым, ол менің Құтжол деген итім еді. Құтжолға кезінде "саған ескерткіш қоям" деп уәде беріп едім. Егер олай-бұлай боп кетсе Құтжолға кім ескерткіш қояды деп уайымдадым. Сосын балаларыма хат жаздым. "Мен кетіп жатсам, жұрттың қарсылығын қарамай, ауылда Құтжолға ескерткіш қойыңдар" деп айттым. Балаларымның болашағын уайымдамадым. Бәлкім менің кетіп қалғаным оларға кішкене еркіндік сыйлайтын шығар, себебі оларға қатал әке болдым. Тек қызымды ғана ойладым. Қазір қызыма "сен үшін тірі қалдым" деп айтып отырамын", – сазгер.
Өнер иесі итіне неліктен ескерткіш орнатқысы келгенін баяндап берді. Ендігіде итінің мүсінін туған жеріндегі жол бойына қоюды ойлап жүр екен.
"Бір анадан 8 ұл, 4 қыз едік. Қазір соның жартысы ғана қалдық. Ауылдан ең соңы боп мен кеттім. Сонда Құтжол мені ауыл сыртына дейін артымнан қалмай, ілесіп шығарып салған. Кейін балам Мұхтар Шахан мүсінші мамандығында білім алып, дипломдық жұмысына "Қара шаңырақты күзеткен Құтжол" деп итімнің мүсінін жасады. Оны қазір ауылда тұрып жатқан үйімнің ауласына орнаттым. Енді Созақтан Жезқазғанға қарай шығатын үлкен жолдың бойына да Құтжолға арнап ескерткіш қоямын", – деді ол.