Мамыр айында халыққа қызмет көрсету орталықтары қалай жұмыс істейді?
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 сәуір, 2024
- 687
Мамыр айында халыққа қызмет көрсету орталықтары мен арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеу тәртібі ауысады. Өйткені бұл айда үш бірдей мемлекеттік мереке аталып өтеді деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық агенттігі "Азаматтарға арналған үкімет" сайтына сілтеме жасап.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, халыққа қызмет көрсету орталығы, соның ішінде мамандандырылған орталықтар 1, 7, 9 мамыр күндері жұмыс істемейді. 4 мамырда орталықтар кешкі сағат 18:00-ге дейін, кезекші орталықтар 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Ал 8 мамырда тек кезекші ХҚКО-лар мен кезекші мамандандырылған ХҚКО-лар ғана жұмыс істейді. Жұмыс уақыты 13:00-ге дейін жалғасады. 10 мамырдан бастап фронт-офистер әдеттегі жұмыс режиміне оралады: ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс күндері 9:00-ден 18:00-ге дейін, кезекші болып бекітілген орталықтар жұмыс күндері 9:00 – 20:00 аралығында, сенбі күні 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Мамыр айында Қазақстанда үш мереке аталып өтеді: 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні. Айта кетейік, 1 мамырда, яғни сәрсенбіде тек бір демалыс күні болады. 2 мамыр, яғни бейсенбі – жұмыс күні. Бұл ретте 4 мамыр, сенбіде тіпті бес күн жұмыс істейтіндер үшін жұмыс күні болып саналады – сенбінің демалысы 8 мамырға ауыстырылды.
Қазақстандықтар мамырдың екінші аптасында екі мереке – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай үш күн қатарынан – 7, 8 және 9 мамырда демалады. 10 мамыр, жұма – жұмыс күні, ал 11 мен 12 мамырда әдеттегідей демалыс болмақ.