“Маған тигеніне өкінетін шығар”: Қалдыбек Құрманәлі әйелін алдағанын жасырмады
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 сәуір, 2024
- 25.7k
Сазгер Қалдыбек Құрманәлі жас кезінде қазіргі әйелі емес, басқа қызға үйленбекші болған. Бұл сырын ол “Алғашқы” бағдарламасында айтты.
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері шаңырақ көтерген жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Әйелімен қалай танысқанын есіне алып, оны өзіне қарату үшін алдағанын жасырмады.
"Халық білмейтін құпиямды айтайын. Осы үйленуіме қатысты еш жерде айтпап едім. Үйдегі жеңгелеріңнен бұрын басқа қызға үйленетін болғанмын. Дастархан жайып, ортаға аққу мен екі сақинасы бар тортты алдырып, отырыс жасағанбыз. Сонда қазіргі келіншегім "Қалдыбек аға, бақытты болыңыздар" деп тілек айтқан. Бірақ ол қызға үйленбей қалдым. Арада екі ай өткенде Эльмирамен бас құрадық. Жеңгелеріңе үйленген кезде ол екінші курста оқитын студент еді”, – деп өткен өмірін әңгімеледі.
Оның айтуынша, әйелі екеуі көп қиыншылықтарды бастан өткерген. Мінезі қиын екенін мойындап, кейде аяулы жарының өзіне ренжитінін де айтып қалды.
“Өз тойымды өзім жасаған адаммын. Той жақсы өтті. Тойдан кейін досымның үйіне барып тұрдық. Баратын жеріміз жоқ қой. Осы жерде бір өтірігім жайлы айтайын. "Үйім бар десем маған көніп, тиетін шығар" деген оймен жүріп жүрген кезімде "Басымда екі үйім бар" деп алдағам. Риза болғаным, әйелім үйленген соң "Сол кезде айтқан үйіңіз қайда?" деп сұрамады. Мен көрген қорлықтың жартысын тең бөлісіп, көтерді. Кейде ренжитін, кейде маған тигеніне өкінген де шығар. Бірақ "Үйім бар деп едің" деп бетіме баспады. Құдай өзі сәтін салып, Иманғали Тасмағамбетов қалаға әкім боп келгенде маған екі үй берді. Сол кезде әйеліме "Баяғыда айтқан екі үйім осы еді" деп әзілдеп айтқаным бар. Менің бар кінәм – алдын ала айтып қойғам," – деді Қалдыбек Құрманәлі.