"Тренингке 3 млн теңге жұмсадым": коуч Аманжол Рысмендиевке алдандық дегендер шу шығарды
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 мамыр, 2024
- 4.1k
Белгілі бизнес-тренер Аманжол Рысмендиев бір топ адамды сан соқтырды. Бизнес бастауды үйретемін деп уәде берген ол ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Ақшаларын қайтара алмай жүргендер осылайша "Көреміз" бағдарламасынан көмек сұрап келді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бизнес-тренердің сабағына 3 миллион теңге беріп қатысқан Бақытнұр Құдайбергенова көлік ұтып алыпты. Алайда, аты болғанымен өзі жоқ көліктің кілті қолына әлі тимеген.
"Тренингке қатысып, көлік ұтып алдым. Алайда көлікті бермеді. "Заңгеріміз шетелде жүр, 20 күннен соң келеді, сізді шақыртамыз. Сол кезде қол қойып,алып кетесіз" деді. 20 күн емес, екі ай өтті. Одан кейін де хабарластым, әлі жоқ. Тренингке қатысуға 3 млн теңге жұмсадым. "Көлікті ұттың, бұған ақша төлемесең болмайды" деген соң несие алып, тағы ақша төледім. Талабым - көлікті берсе деймін. Аманжол Рысмендиев "мені жарнамалап, ауылдарыңа айтыңдар" деді. Біз оның айтқанын орындадық. Қаншама адамды сабаққа шақырдық", - дейді ол.
Ал кәсіпкер Алмас Керімқұл болса, коучтың 10 миллион теңге тұратын жеке кеңесіне жазылыпты. Бір рет ғана жүздескен. Одан кейін бетін көрмепті.
"Жеке кеңесте бір жыл көлемінде қасыңда болып, ақыл-кеңесін беріп отырады. Белгілі бір деңгейге шығару керек. Соны міндеттеп алып, өзіне жауапкершілік алады. Ал Аманжол Рысмендиев өз міндетін атқармады. Негізі оның курсы 10 млн-40 млн теңгенің арасында. Тек бір мәрте жолықтық. Одан кейін көрмедім. Әлеуметтік желідегі парақшасына да, байланыс нөміріне де жаздым. Мені блоктап тастады. Не міндетін орындамайды, не ақшаны қайтармайды», дейді кәсіпкер.
Бұл шудан кейін көзден ғайып болып кеткен Аманжол Рысмандиев бой көрсетті. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жауап қатып, өзіне уақыт беруді сұрады.
"Достар, кеш жарық. Өздеріңіз көргендей, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп керемет эфир жасап жатыр. 100 пайыз бәрі өтірік демеймін. Арасында шындығы да бар. Кейбір жауапкершіліктерді уақытында өткере алмадық. Бірақ оның барлығы реттеледі. Сондықтан, уайымдамаңыздар. Ал мені жаман көргісі келгендер сіздің де бүгін үйлеріңізде той болсын. Десе де, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Мына өмірде Құдай-ау, кім қарызданбай, кім қателеспей жатыр? Барлық нәрсені орнына қоятын нәрсе, ол - уақыт", - деп жазды кәсіпкер.