“Ауғанстанға кетпеймін”: Ауған қазағы азаматтық ала алмай жүр
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 мамыр, 2024
- 516
Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген ауғандық Сәми Атағұлды бүгін құзырлы органдары Дубай арқылы Кабулға баратын рейске отырғызып жібермек болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы “Азаттық радиосы” өз Instagram парақшасында жариялады. Атағұл болған жайтты өзі видеоға түсіріп, қоғамдық қорғаушысы Бақыт Сарайға жіберген. Ол Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген.
“Ұшақ есіні алдында тұрмын. Күшпен мінгізейін деп тұр. Менде ұшпаймын деп тұрмын. Міне ұшақ күтіп тұр. Күштеп елден шығарғалы жатыр. Адвокатым жолда. Жоғарғы сотқа, Президентке жазып қойғанмын десем де тыңдамай отыр. ”, - дейді Сәми видеода.
Ақмола облысы Целиноград ауданының көші-қон қызметі Атағұлды бірінші рет 15 сәуір күні елден күштеп шығаруға тырысқан. Ол кезде Сәми қолындағы паспортын жыртып, қалып қойған болатын.
Ауған қазағының қоғамдық қорғаушысы Бақыт Сарайдың айтуынша, құзырлы органдардың бұл әрекеті заңсыз. Себебі Сәмидің Жоғарғы сотына түсірген шағымы әлі қаралмаған.
“Жүгіріп келсем, алты адам тұр. Олар маған “сен не үшін бұл балаға жабысып алдың?” деді. Бір қазақ болсын жерімізде қалуға тиіс. Бауырыма көмектесемін десем, олар маған күледі", - дейді қоғамдық қорғаушы.
Сәми Атағұл былтыр күзде үш айлық туристік визамен келген. Ол Ақмола облысы Целиноград ауданының көші-қон полициясына құжат тапсырып, қандас куәлігін алады. Бірақ олар виза мерзімі біткенін айтып, азаматтық алуға деп тапсырған құжаттарын қабылдамай қойған.