"Қыз сияқтысың" деп тиіседі жігіттер": қызылордалық қас жұлатын Ақтілек айына 3 млн теңге табатынын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 мамыр, 2024
- 24.1k
Ақтілек Тәшімов 7 жылдан бері қыз-келіншектердің қасын жұлумен айналысады. Оның бұл салаға келуіне алғашында ата-анасы қарсы болған. Алайда сүйікті ісін сұлулық әлемінен тапқан ол бүгінде кәсібі арқылы табыс тауып жүр, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
"Ата-анам қарсы болды"
Massaget.kz-тің мәліметінше, Ақтілек Тәшімов - Қызылорда қаласының тумасы. Негізгі мамандығы - дәнекерлеуші.
"Өзіме қатысы жоқ мамандықты оқу бітірген соң оқып шықтым. Оған түсуіме үйдегілер себеп болды. Біз жақта "әкең қандай жұмыс істесе, сен де сондай жұмыс істеуің керек" деген қатып қалған стереотип бар. Ал баланың ойы, қызығушылығы бұл орайда маңызды емес. 4 жыл дәнекерлеуші мамандығында оқып болғаннан кейін үйдегілерге қалауымды айттым. Бастапқыда қарсы болды. "Қыздың жұмысын не істейсің, одан да тұрақты жұмысқа тұрып, айлыққа жұмыс істе" деді. Сосын үйдегілерге айтпай, сән салонында оқып, әрі жұмыс істеп жүрдім. Осылайша, бұл саланы меңгеріп алдым. Кейін үйдегілерге "міне, осы салада жұмыс істеп жатырмын" деп табысымды көрсеттім. Оларға табысымды берген соң ата-анам маған сене бастады", - деді ол.
Оның Алматыға келгеніне 4 жыл болған. Бүгінде Алматыда жеке сән салоны бар.
"Осы кәсіп арқылы шетелге шықтым, көлік алдым. Ал Қызылордада өсу қиын болды. Себебі ол жақта сән салонының бағасы сәл төмендеу. Мастердің жұмысы аса қатты бағаланбайды. Қызылордадан білім алып, карантин кезінде Алматыға келіп, соны дамыттым. Үйдегілерге Алматыға көшетінімді айтқанда, үйдің үлкен баласы болғаннан кейін қарсылық білдірді. Дегенмен, бәрін түсіндіруге тырыстым", - деді ол.
"Келіншегім түсінбей қызғанды"
Бүгінде Ақтілектің сән салонына қыз-келіншектер ғана емес, ер адамдар да жиі келеді.
"Қас адамның бет пішімінде үлкен рөл ойнайды. Қызылордада ер адамдар қасын жасатқанын көрсе, "қыз сияқтысың" деп тиіседі ғой. Алматыда менталитет басқаша болғандықтан, мұнда барлығы өзіне күтім жасайды", - деді ол.
Оның айтуынша, бастапқыда келіншегі мамандығын түсінбеген.
"Көбіне қыздармен жұмыс істеймін ғой. Олардан қызғанды. Сосын "Нұрай, осы жұмыс маған ұнайды, осы арқылы ақша тауып, сені асырап отырмын" деп түсіндірдім. Кейін ол да келісіп, қазір мені қолдайды. Әйелім қас жұлуға тек маған келеді. Оған перманентті татуаж жасатып бергем. Сән салонында жүргендіктен, өзіме де қарап тұрамын.
Көп қыздар салонда ер адамға келгенді жақсы көреді. Себебі біз артық әңгіме айтпаймыз. Қыздарға сол ұнайды. Әйелдер салонға демалу үшін әрі әдемі болуға келеді ғой. Біз сондай жағдай жасағандықтан, ерлерге келеді деп ойлаймын", - деді ол.
"Бір процедураның бағасы - 50 мың теңге"
Ақтілек бастапқыда салонға қатысты барлық процедураларды оқып көрген.
"Сән салонында бірнеше процедура бар. Бәрін оқыдым. Макияжды оқыған соң визажисттердің жіберетін қателігін түсіндім. Олар қастың формасын дұрыс сыза алмайды. Мұны бірден байқадым. Сосын "неге осы қастың формасын зерттеп көрмеске" деп ойландым. Әрі қарай осы бойынша білім алдым. Тек қана қастың бағытын дамыта бердім. Көптеген әмбебап мастерлер қастың сызу формасын білмегендіктен жұмыстары әдемі шықпайды. Қас - маңызды рөл атқарады. Сол үшін мастерлердің бір бағытпен дамығаны дұрыс. Қазір қас жұлумен қатар, кірпік те жалғаймын. Мұның бәрін әзірге өзім жасап жүрмін. Болашақта ұжым қалыптастырғым келеді. Тек сапалы мамандарды алу мақсатында қазір тек шәкірттерді оқытып жатырмын", - деді ол.
Әр клиенттің қалауына қарай қас формасын техникалармен жасалады.
"Көпшілігі қастың тек бір техникасы мен коррекциясы ғана бар деп ойлайды. Олай емес. Қастың 6 түрлі техникасы бар. Өзім Ресейден, Қазақстанның осы саладағы мықты мамандарынан білім аламын. Көп мастерлер бір білім алады да, тоқтап қалады. Ал сен бір біліммен қызмет құныңды жоғарылата алмайсың. Сол үшін де қызметімнің құны жоғары. Мәселен, бір процедураның бағасы 5-50 мың теңге аралығында", - деді ол.
"Қыз сияқты болып кетеді"
Ақтілек салонға келген әр қонаққа ыңғайлы форманы өзі ұсынатынын айтты.
"Бізге келген клиенттер қастың формасын білмей келеді. Оларға ыңғайлы форманы ұсынамыз. Эксперт ретінде маған сенгендіктен алдымдағы адамның бірінші бет пішіміне қараймын. Бет пішіміне сай қастың формасын келтіремін. Одан кейін қасты боятқан кезде түсін таңдау үшін бет терісіне, шашы мен көзінің түсіне қарай таңдаймын. Бірақ, әуелі клиенттің ойындағы қасты анықтап алу маңызды" , - деді ол.
Оның айтуынша, көпшілігі жігіт істейтініне таңғалады.
"Маған жазылған клиенттердің көпшілігі "ер бала істей ме" деп таңғалады. Дегенмен, белгілі бір тұрғыда стереотип бар екенін мойындау керек. Көпшілігі сән салонында жүрген жандар "қыз сияқты болып кетеді" деп жатады. Қаншалықты рас-өтірігін білмеймін. Мәселен, өзім қалай бар - солай қалдым деп ойлаймын", - деді ол.
"Айына 3 млн теңге табамын"
Ақтілек қыз-келіншектер мен ерлерге қандай қас үлгісі жарасатынын атап айтты.
"Біздегі көп қыздардың бет пішімі азиаттық болғандықтан, оларға кәрістердің қас формасы жақсы жарасады. Ал ер адамдарға қалыңдау форма әдемі жарасады. Соңғы 3 жылда қас формасы өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ техника өзгерді. Қазір табиғи қас сәнге шықты. Корейлік форма сәл көтеріңкі тұрады. Татуаж жасалған қастар теріні қанату арқылы жасалғандықтан оларды лазерлік құрылғылар арқылы өшіруге тырысамыз. Жалпы қастың күтімі тек бір айға жетеді. Сол үшін ай сайын мастерге келген жөн. Табиғи қас тез өсетіндіктен бір айда жалбырап кетеді. Бүгінгі таңда қастың барлық процедурасы трендте деп айтар едім. Біреулер жылтыр боялған қасты, біреулер уақытша бояуды, енді басқалары табиғилықты ұнатады. Бұл әр адамның талғамына байланысты бөлінеді", - деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл салаға қызығатындарға ақыл-кеңесін айтты.
"Осы салаға қызығатын жігіттер көп. Көпшілігі ата-анасының пікірінен қорқады. Негізі табыстың көзі деп осы сән салоны саласын айтар едім. Қазір адамдар өздеріне жақсы қарайды, күтім жасайды. Өзін сыйлайтын адам салонға жиі барып тұрады. Мәселен, менің айлық табысым - 1,5 млн мен 3 млн теңге арасында. Бұрын ата-анам айтқандай, тұрақты жұмысқа кірсем, мұндай айлықты таппаушы едім", - деді ол.
Ұқсас жаңалықтар
Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 11 қазан, 2024