8 мамырға ауа райы болжамы: Жаңбыр жауып, үсік жүреді
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 мамыр, 2024
- 2.3k
8 мамыр күні елімізде найзағай ойнап, бұршақ жауып, қатты жел тұрады. Қазгидромет ауа-райы болжамын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ.
Оңтүстік циклонның және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің жылжуына байланысты еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Еліміздің батысында нөсер жаңбыр жауады, арасында бұршақ түседі деп болжанып отыр.
Республикамыздың солтүстігінде ғана ауа райы жауын-шашынсыз болады. Оңтүстікте қатты жел соғады, оңтүстік-батыста, солтүстік-батыста, орталықта түнгі және таңертеңгі уақытта тұман болады.
Түнде Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының шығысында, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде сынап бағаны 1-2 градус суықты көрсетеді. Топырақ беті қатып, үсік жүреді деп болжанады.
Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының орталығында, Қызылорда, Түркістан облыстарының батысында, Абай облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.