“Мемлекетті мойындамайсыздар ма?!”: қазақ тілін қажетсінбеген Forte банк жұрттың ашуына тиді
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 мамыр, 2024
- 591
Біздің елде тіл мәселесі дауға жиі себеп болып тұрады. Әлбетте, бұл дауларда есесі кетіп, есік сыртында тұратын тіл – қазақ тілі. Жылдар бойы бизнестің шетқақпай қатынасы қазақ тілін босағада қалдырып келеді. Бұл жолы дауға Forte банк ілікті, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Дау қайдан шықты?
Qaz365.kz-тің мәліметінше, аталған банк апта, күн сайын банкке қажетті қызметкерлерге арнап, бос жұмыс орындар тізімін жариялап тұрады. Бірер күн бұрын банк ІТ маман іздеп, оған қойылатын талаптар ішінде “қазақ тілі міндетті емес, ағылшын тілі базалық тіл” деп жазып қойған. Мұны көрген желі қолданушылары ашуланып, банкке сынды қарша боратты.
“Банкке байкот”
Банктің сайтындағы хабарламаның көшірмесі желіге тарап, оны азаматтар көп бөлісті. Әнші Қанат Айтбаев – өнердегі тіл жанашыры. Тіл мәселесінен сырт қалған жоқ.
“ForteBank, мынау не масқара? Мемлекеттік тілді аяқасты ете отырып, мемлекетке қалай қызмет етпексіздер? Әлде мемлекетті мойындамайсыздар ма?” – деп жазды.
Тіл қақын саясаттанушы Дос Көшім де талап етті.
Журналист Думан Бықай:
“Абыройыңды ойлаған бизнес қазақ тілімен санасу керек”, – дейді.
Тағы бір журналист “бұл банктегі шоттарымды жабамын” деп байкот жариялайды.
“Бір қатеге бола төпелей берудің де қажеті жоқ”, – деп ара түсіп жатқандар да бар.
Банк не деп ақталды?
Банктің ақталуы әдеттегідей “классикалық” сипатқа ие. Алдымен Headhunter сайтында ForteBank қызметкер қабылдайтыны туралы хабарландыру берген-мыс.
“Кешеден бері ел арасында наразылық пен түсініспеушілік тудырып жатқан ForteBank атынан қазақ тілі талап етілмеген бос жұмыс орны бойынша Headhunter сайтындағы хабарландыруға қатысты түсініктеме беруді жөн көрдік. Тіл мәселесі, оның ішінде қазақ тілі елімізде өте маңызды екендігін түсінеміз және орын алған осы жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймыз.
Мамандарымыз шұғыл түрде тексеріс жүргізіп, роботтан қателік кеткендігін анықтады. Түсіндіре кетейін, Forte-де бос орын туралы хабарламаны жасанды интеллектке негізделген робот рекрутер автоматты түрде headhunter сайтына жібереді. Осы жолы да солай болды. Ал жауапты қызметкер хабарлама мәтінін тексермеген. Бұл өрескел қателік адами фактордың кесірінен орын алған. Қазіргі таңда кінәлі қызметкерлер тиісті жазасын алды”, – деп мәлімдеді ForteBank баспасөз қызметі.
Банктің хабарлауынша, банк қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды үнемі қолдап келе жатыр.
“ForteBank қашан да мемлекеттік тілге аса құрметпен қарайды. Қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды үнемі қолдап келеді. Өз ішінде банк іс қағаздарын екі тілде жүргізеді, барлық менеджер мен банк басшылығы клиенттермен қарым-қатынаста және күнделікті өмірде қазақ тілін қолданады. Банк өз қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуіне үнемі жағдай жасауда. Осы уақытқа дейін бірнеше рет қызметкерлерге арналған тегін қазақ тілін үйрену курстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда «Мазмұндама» баспасынан шығатын әлемдік танымал шығармаларды қазақ тілінде шығаруға демеушілік жасаудамыз. Бұл да Forte-нің қазақ тілін қолдайтындығының әрі құрмет тұтатындығының белгісі”, – деді банктен.