«Үстіме су құятын»: Бұрынғы күйеуінің қысымынан құтыла алмай жүрген келіншек көмек сұрайды
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 мамыр, 2024
- 7.3k
Ақтаулық Арайлым Әлібаева бұрынғы күйеуі аңдып жүргенін айтып, әлеуметтік желіге шыққан болатын. Ол күйеуімен 13 жыл некеде болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әйел бір жылдың ішінде бірнеше рет соққыға түскен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, эмоционалды қысымға ұшырапты. Күйеуінің озбырлығына шыдамаған Арайлым ақпан айының 29-нда үйінен қашып кеткен. Сөйтіп бөлек пәтер жалдапты.
“Ол үнемі ұрып-соғып, салдарынан есімді жоғалтатынмын. Үстіме су құятын. Сол уақытта өмірім көз алдымнан өтті. Балалар да куә, кенже балам әбден қорқып қалған”, – дейді келіншек.
Ол бөлек кеткенімен, күйеуі мазалауын қоймаған. Телефонын өшіріп, бұғаттағанымен Kaspi арқылы ақша аударғандай болып хабарламалар жібереді екен. Осы жылдың 5 наурызында бұрынғы күйеуінен қорғау тәртібі туралы бұйрық шыққан. Алайда ер адам бұл бұйрықты бірнеше рет бұзыпты. Келесі күні телефонына хабарламалар қалдырып, 9-ы күні әйелдің көлігінің терезесін сындырған.
“Ол бірнеше рет қауіпсіздігімді бұзды. Маңғыстау облыстық құқық қорғау органдарында таныстары бар. Полицейлер қорғау тәртібі бұйрығын бұзуына қатысты істі қозғаған да, қайтадан қысқартып тастаған. Неге екені белгісіз. Маңғыстау облыстық прокуратурасы мұны заңсыз деп таныды”, – дейді Арайлым.
1 сәуірде сот ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салады. Дегенмен қорғау тәртібін бұзғанға қатысты әкімшілік іс қозғалмаған. 9 мамырда күдіктіні жауапкершілікке тарту мерзімі аяқталады. Басқа амалы қалмаған әйел “Немолчи” қорына жүгінеді. Аталмыш қор күдікті жауапкершіліктен таныстары болғандықтан қашып отырғанын айтады. Сондықтан антикордың бұл істі қолға алуларын өтінеді.