"Назарбаев мені көтерді де, тастады да": генерал Ертаев атышулы қару сату ісі жайлы құпияларды айтты (видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 мамыр, 2024
- 993
Генерал-лейтенант, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев Қазақстан әскерін реформалау, еліміздің Қарулы күштерінің қалыптасуы жолында ұзақ жыл еңбек еткен. Ол Halyq Uni журналисіне берген сұқбатында 1996 жылғы атышулы қару сату ісі бойынша 43 күн тергеуде болғанын айтып берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
«Назарбаев мені көкке де көтерді, құзға да тастады. Бірақ мен ләм-лим демедім, себебі мен солдатпын. Осы оқиғаға қатысым болса, қасыңызда отырмас едім. Жауапты басқа жерде берер едім. Өкінішке қарай, мені тергеуге алды. Генштаб бастығымын ғой. Мен шегінбеймін дедім. Шашым ауған соғысы емес, МиГ-тен ағарды. Ешнәрсеге қол қойған жоқпын. Бұл – Қорғаныс министрінің шешімі деп көрсеттім. Талай қудалады, не көрмедім», - деп еске алды ол.
Генерал тапаншаға екі оқ салып, өзін атып өлтірмек те болған.
Генерал түрмеге бармауы керек. Генерал атылып өлуі керек. Егер абыройы болса... Өмірдің аты өмір, жұбайым жас. «Әкем неге атылып өлді» деп екі балам сұраса, «абырой - имеет честь» деп айт деп тапсырдым. Шындық үшін күресу керек, мойымау керек. Ақыры мен ақталып шықтым, - деді Бақытжан Ертаев.
Айта кетелік, 1996 жылы Қазақстаннан Солтүстік Кореяға кетіп бара жатқан эшелон зенит зеңбіректері Ресей аумағында ұсталған. Алайда оқиға халықаралық баспасөзге белгілі болып, Қазақстан тоталитарлық режимдегі елдерге қару сатып отыр деп ақпарат тараған.
Генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев 1952 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 1973-1985 жылдары Алматы қаласындағы жалпы әскери командалық училище мен М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдаған. Бұдан соң ұзақ жыл әскери салада басшылық қызметтер атқарды. 1998 жылы ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы ҚР Қарулы күштері Әскери академиясының бастығы лауазымдарын атқарған.
Бақытжан Ертаев сұқбатында Қазақстан армиясының әлеуеті, Кеңес Одағы батырларының аты берілген «Айбын» орденінің маңызы, совет-ауған соғысының ақиқаты жайында әңгімеледі. Генералдың айтуынша, 1,5 млн ауған азаматы, 14 мыңнан астам совет солдаты мерт болған соғыста жауынгерлер өзіне қандай міндет артылғанын білмеген.