Ерлі-зайыптыны соққыға жыққан Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты сот үкімі өзгерді
- автор Томирис Тоныкөк
- 14 мамыр, 2024
- 870
Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс Жоғарғы сотта қаралып, үкім өзгерді. Оған жаңа жаза тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2023 жылдың қазан айында Алматы әскери соты депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына үкім шығарған болатын. Болат Нұрасыл ерлі-зайыпты Олег Чернов пен Анна Чернованы соққыға жыққаны үшін сотталды. Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен оған 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысы 500 мың теңге моральдық шығын және өкілдің қызметіне 1 600 000 теңге өндірілді. Бірақ жәбірленушілер жазаға ризашылық танытпады.
Жәбірленушілердің өтінішхаты бойынша кассациялық сот отырысы өтті. Олар сот актілерін өзгертіп, Болат Нұрасылды бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Апелляциялық саты сот үкімін өзгертіп, Дәулет Тұрлыхановтың ұлынан жәбірленушілердің пайдасына апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу үшін өкілдің қызметіне 400 000 теңге көлемінде шығын өндірілді.
“Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсті”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.
Соққыға жығылған Анна Чернова бұл шешімге келісіп, ризашылығын білдірді.
“Оған пробациялық бақылауды қамтамасыз ету жүктелген. Ол енді шетелге шыға алмайды. Клубтар мен барларға да бармайды. Ішімдік ішіп, басқа қылмыстарды жасай алмайды. Пробация қызметіне хабарлап, сағат 23.00-де үйде болуы керек. Егер ол осы шарттарды бұзса, сот шартты жазаны нақты мерзімге ауыстырып, ол жазасын колонияда өтейді. Біз бұл үкіммен келісеміз және қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамыз”, – деді ол.
Еске салсақ, өткен жылдың ақпанында заңгер Анна Чернова күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасылдың соққыға жыққанын айтқан болатын.