Сарыағашта намаз уақытында төбелескендердің шекіскен себебі айтылды (видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- 14 мамыр, 2024
- 9.6k
Әлеуметтік желіде намазға тұрған жігіттердің бірі екіншісін итеріп жіберген видеосы тарады, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Оқиға Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған.
«Әлеуметтік желіде мешітте болған оқиға таралып жатыр. Осыған байланысты ҚМДБ жауап бергенді жөн көрді. Оқиға 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. Өзге өңірден Шымкент қаласына келген біртоп азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады», - дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Оның айтуынша, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.