"Қызыңның сүйектерін сындырамын": Қостанай тұрғын шетелдік күйеуінен тығылып жүруге мәжбүр
- автор Томирис Тоныкөк
- 14 мамыр, 2024
- 657
Әзербайжан азаматы қостанайлық әйелді қорқытып, ұрып-соққан. Оның қыр соңынан қалмай аңдып жүргеніне бір жыл болыпты. Бұл туралы «Немолчи.кз» қорының басшысы Дина Таңсәрі Instagram-парақшада бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, әйел Әзербайжан азаматымен қарым-қатынасын бір жыл бұрын үзген екен.
«Біздің қорғауымыздағы қостанайлық әйелді Әзербайжан азамат қудалап, ұрып-соғады. Жәбірленушіні қызыңның “басын әкелемін", "сүйектерін сындырамын" деп қорқытады екен. Ол бізден көмек сұрады. Әйел 2023 жылдың жазында онымен қарым-қатынасын үзген. Алайда қорқыту мен ұрып-соғу әлі де жалғасып жатыр. Жәбірленушінің қызы көшеде анасын ұрып-соққан видеоларын жіберді”, - дейді Дина Таңсәрі.
Оның жазуынша, Әзербайжан азаматы еліміздің визалық режимін де бұзған. Қазақстан соты оны 27 сәуірде елден шығару жайлы үкім шығарған. Алайда 17 күн өтсе де, полиция оны әлі таба алмай жүрген көрінеді. Тіпті оны полиция қолға түсірген, бірақ қайта босатып жіберіпті.
«Соңғы рет оны Астанада ұстаған. Аудио хабарламалар мен фотосуреттерге қарағанда, полицияда жауапта отырған жерінен де ол әйелді қорқытып хабарламалар жіберген. Қолында телефоны бар ол полиция қызметкерлерінен темекі тұтатқыш алып, олармен бірге дүкенге сыра алуға барған. Мұндай адамдарды 2-3 сағат осылай ұстайтын сияқты. Ал әйел одан жасырыну үшін бүкіл Қазақстанды шарлап жүруі керек екен», - дейді қор басшысы.
Ер адам әйелдің телефонын да ұрлап кеткен. Бірақ бұл факт бойынша іс қозғалмаған. Мүліктік шығындар болған, бірнеше рет есікті бұзып, айналасындағы заттарды да қиратқан.
«Қызы қазір ол азаматты елден шығаруды сұрап отыр. Ішкі істер министрлігі, Қостанай прокуратурасы, Қостанай полиция департаменті бұл істі бақылауға алу керек. Бұл азамат бір жыл бойы қорқытуын жалғастырып келеді, оны елден шығару керек. Бұл өте қауіпті адам. Істің соңы трагедияға ұласуы мүмкін», - деп көмек сұрады Дина Таңсәрі.
Ұқсас жаңалықтар
Павлодарда оқушы қызды зорлаған 48 жастағы ер адам сотталды
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024