15 мамыр күні Қазақстанның барлық аймағында ескерту жүйесі тексеріледі. Сиреналар сағат 12.55-те қосылады, деп хабарлайды ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, тексеріс "ӨРТ-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өтеді. Республикалық штаб Абай ауданында.
"Оқу-жаттығуда мемлекеттік органдарды, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарын табиғи өрттерді жою жөніндегі іс-шараларға дайындау мәселелері қарастырылады", – деп хабарлады ведомство.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті сирена қосулы кездегі тәртіп ережелерін еске салды:
Егер дабыл соғылғанда үйде болсаңыз: радионы немесе теледидарды қосыңыз, шұғыл хабарламаны тыңдаңыз және соған сәйкес әрекет етіңіз;
Егер дабыл кезінде көшеде болсаңыз: көше дауыс зорайтқыштары арқылы берілетін хабарламаны тыңдаңыз және соған сәйкес әрекет етіңіз.
Министрлік тұрғындардан дүрбелеңге салынбауды сұрайды.