Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Енесі – 1990, келіні – 2008 жылғы»: маңғыстаулық жұптың тойы желіні шулатты (ВИДЕО)

«Енесі – 1990, келіні – 2008 жылғы»: маңғыстаулық жұптың тойы желіні шулатты (ВИДЕО)
Маңғыстаулық қыздың сөзінше, үйленіп жатқан жігіт пен қыз екеуі де 2008 жылы туған.

Маңғыстау облысында 2008 жылғы жастар отау құрған. Тойдың видеосы желіде оқырмандар арасында қызу талқыланды. Бірі жас жұбайлардың некесіне қолдау білдірсе, екіншілері оларға білім алу керек екенін айтып, наразы болған. Отбасы Stan.kz тілшісіне қуанышты хабарды бөлісіп, той туралы толығырақ айтып берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі. 

Бұл – Жайылхановтар әулеті. Отбасы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүбірлетіп той өткізген. Той туралы әулеттің туысы (атын жасыруды өтінді) айтып берді. Себебі жас ата-ене сапарға шығып кеткендіктен, жауап беруге уақыты болмады.

“Жас ата-ененің өздері 2007 жылы отау құрып, 2008 жылы үлкен ұлдары өмірге келді. Ағам мен жеңгем екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп отыр. Ағам 1985 жылғы болса, жеңгем 1990 жылы дүниеге келген. Отбасымыз үлкен, Жайылхановтар әулетіміз”, – деді маңғыстаулық ару.

Маңғыстаулық қыздың сөзінше, үйленіп жатқан жігіт пен қыз екеуі де 2008 жылы туған. Шаңырақ көтерген жас жігіт бауырлардан ең үлкені екен.

Десе де “Жастай үйленген ерлі-зайыптыға екі жақтың туыстары қарсы болмады ма?” деп сұрап көрдік.

“Жаңа түскен келін әжемізге шөбере келін болады. Қазір үйдің ұйытқысы болып отырған әжеміздің жасы 82-де. Апамның айтуынша, ол өзі 15 жасында келін болып түскен. Бүгінде алтын құрсақты анамыздың үш ұл мен үш қызы бар. Қазір жас отбасында бәрі жақсы және ата-енесінің қолында тұрып жатыр. Екі жақтың ата-аналары да қарсы болған жоқ. Бұрыннан бір-бірін білетін, ескі таныс адамдар болып шықты. Жас жұбайлардің екеуі де колледжде білім алып жатыр», – деді әулеттің немере қызы.

Видеоны көрген желі қолданушылары жарыса пікір жазды. “Ене болмақ түгілі, 1990 жылғы әлі тұрмыс құрмаған қыздар бар шығар?”, “Мен 1989 жылғымын, қызымды 2008-де тудым. Бірінші курс студенті, бірақ байға әлі ерте деп ойлаймын. Мен өзім есейіп үлгерген жоқпын”, “Ерте үйленіп, ерте тұрмысқа шыққанның несі жақсы?! Бәрі өз уақытымен болуы керек. Жастық шақ дегенді білмей бірден отбасылық өмір басталып кетеді. Неге асығасыңдар? Бәріне үлгересіңдер”, “Өмірде бәрі болады. Күйеуім екеуіміз де 1985 жылғымыз. Ұлым 2005 жылғы болса да, балам келін әкеліп тұрмасын деп күнде қорқамыз. Өзім бұйырса алтыншы балама аяғым ауыр. Балам үйленбей тұра тұр деп айтып жатырмыз” дейді оқырмандар. 

Сондай-ақ желі қолданушыларының арасында 1988 жылғы бола тура құда-құдағи атанып, жиендері дүниеге келгенін айтып жатқандар бар. 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар