«Педофилияны ашық көрсетіп жатыр»: Журналист үнді сериалын көрсеткен Astana телеарнасын сынға алды
- автор Анар
- 5 маусым, 2024
- 331
Журналист Кәмшат Тасболат ASTANA телеарнасын сынға алды. Айтуынша, арна педофилияны ашық көрсетіп, бала құқығын бұзатын өнім көрсетіп жатыр. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Журналист Astana арнасында көрсетіліп жатқан үнді сериалын экраннан алып тастау керектігін айтты.
«Масқара! Astana арнасында бала құқын бұзатын, педофилияны ашық көрсететін «Қорғаушы ханым» атты үнді сериалы боп жатыр! Шыны керек, отандық арнаның мұншалықты қоқыс жәшігіне айналғанын білмеппіз. Ақпарат министрлігі, Бала құқын қорғайтын ұйымдар, омбудсмен, Президент жанындағы әйелдер мәселесімен айналысатын комиссия, депутаттар назар аударатын дүние», - дейді Кәмшат Тасболат.
Сондай-ақ, ол адамның психикасына кері әсер ететін контент жасап отырған арналардың жауап беруін талап етті.
«Сериалға келсек, шамамен 9-10 жасар қыз (бойы ересектердің белінен келеді) төсекте неке түнін күтіп жатыр. Күйеуі 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды. Шыны керек, адамның жүйке жүйесіне, психикасына кері әсер ететін видео. Осыдан кейін елімізде педофилия қылмысы неге көбейді деп несіне таң қаламыз, егер мемлекеттік арнадан мынандай азғындық ашықтан-ашық көрсетіліп жатса?! Адамның жүрегін айнытатын, аздыратын мына сериалды эфирден алып тастау керек! Бұрынғыдай әр сериалды сараптан өткізу керек. Салық төлеушілердің есебінен күнін көріп отырған арналар контент үшін жауап берсін!» – деді ол.
ASTANA телеарнасы – AMANAT партиясы NUR MEDIA медиахолдингінің құрамында екенін еске сала кетейік.