Басты жаңалықтар
Талдықорғанда полиция әкесі кепілге алған баланы қалай құтқарғандарын айтты
- автор kyn.kz
- 10 шілде, 2018
- 272
Ер адам өзінің ұлын өртеп жібермекші болды
Талдықорғанда өз ұлын өртеп жібермек болған еркек бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызды. Отбасында жанжал шығарған 41 жастағы тұрғынды сабасына түсіру үшін көршілері полиция шақырған деп жазды КТК арнасы.
Бірақ, тәртіп сақшыларына ер-азамат есік ашпақ түгілі, пәтеріне тығылып, жақындаса 5 жасар ұлын өртеп жіберетінін айтып қорқытқан. Ал, кенеттен қиғылық салған азаматтың әрекетіне көршілері түсіне алмай отыр.
"Бұл отбасын бір жарым жылдан бері сыртынан білемін. 3 баласымен пәтер жалдап тұрады. Отағасының өзі көп көріне бермейтін. Жанұясында бұрын-соңды жанжал шыққанын да байқамайтынбыз.",- дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Әлия Төлешова.
Өз ұлын өртеп өлтірмекке бекінген еркекті райынан сөзбен қайтара алмасын түсінген полицейлер дереу арнайы операцияға көшті. Оқыс оқиға орын алған «Жастар» шағынауданындағы жарық пен газды өшіріп, көпқабатты үйдің тұрғындарын сыртқа шығарған.
Қаладағы бүкіл шұғыл қызмет өкілдері де осында тартылды. Есірігі ұстаған еркекті арнайы жасақ үйдің шатыры арқылы 4 қабаттағы балконнан кіріп, бір оқ атпастан ұстады.
Операция кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Бастысы әкесінің тұтқыны болған бала дін аман. Ал, үш баланың әкесінің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге тексеріліп жатыр.
"Келіссөздер ешқандай нәтиже бермеді. Осыған орай 13 сағат 15 минутта пәтерді күшпен алу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде полицейлер баланы еш зақымдаусыз босатып алды.
Ұсталған ер-азамат қалалық полицияға жеткізілді. Аталған инцидент бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.",- дейді Алматы облыстық ІІД қызметкері Серік Упиев.