Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Ол психдиспансерде есепте тұрған»: алты баланы асырап алған емшінің ауытқуы болғанын туысы растады

«Ол психдиспансерде есепте тұрған»: алты баланы асырап алған емшінің ауытқуы болғанын туысы растады
Сурет: Видеодан скриншот
Ұлықбек емші туралы республикалық арналар “Әруақты емші” деген хабар жасап, газеттер мақтап мақалалар шығарған.

Шымкентте асыранды балаларды қорлап, жұмысқа жеккен емші бұрын психдиспансерде емделгенін туысы айтып берді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Жазуынша, бірнеше жылдар бұрын Ұлықбек емші туралы республикалық арналар “Әруақты емші” деген хабар жасап, газеттер мақтап мақалалар шығарған. Журналисттің жеке парақшасына емшінің қарындасы хат қалдырған. Оның айтуынша, бала кезінде өзен жағасында ұйықтап қалған ағасының ауытқуы сол уақыттан басталған екен.

“Ұлықбек Сманов Оңтүстік өңірдің Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында туып өскен. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленген екен. Нақты жасы 51-де. Әжесінің айтуынша бала кезде кешкісін Бадам өзенінің жағасында ұйықтап қалған, содан ауытқу басталды. Көрші-қолаң мазақтап күліп, ата-әжесі “баламыздың өз әлемі бар” деп қорғаштады. Есейе келе ауытқуы асқынып, псих. диспансерде емделгені рас”,- деп жазған қарындасы.

 Тіпті ол бір кездері Отырар колледжінде музыкадан дәріс берген. 

“Әруақ қонды деп, арқасы қозып, өздігінен сағаттап сөйлей бастайды. Зікір оқып, қамшымен дем саламын деп жүрді өзі. Арасында қазақ-араб университетін оқыдым деп, 2010-шы жылдары Отырар колледжінде музыкадан сабақ та берген. Кейін үйленіп, мал бағып, малды-жанды болып тұрмысы көтерілді”,- делінген хатта.

Қарындасы ағасының алты баланы асырап алғанынан мүлдем білмеген. Айтуынша, ол қараусыз ит пен мысықтарға тамақ беріп жүретін адам болған. 

“Ол психикалық есепте тұрса асырауға 6 баланы кім берді, неге берді, неге тексермеген? Біз тіптен білмедік бұл үйде 6 бала барын, әлде, жүйке ауытқуын біліп, бауырымызды біреу подставить етті ме екен? Ақшаға мұқтаж емес, мал-жаны бар адам. Өмір бақи қараусыз мысық-күшікті жағалап, артынан шұрқыратып тамақ беріп жүретін. Егер, 4 жыл бойы 6 балаға ақша алып келсе оны қайда, кім жұмсады екен?”, - дейді емшінің қарындасы.

Қазір Ұлықбек Сманов емдеу бөліміне жатқызылды. Балалар үйіне хабарласқан 16 жасар ұл мен қыз Шымкент қалалық қиын  жағдайға түскен балаларды бейімдеу орталығында. Қалған 4 бала бөбектер үйіне орналастырылған.

Анар
Автор

Анар

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар