Бишімбаевтың ісін қараған судьяны күзету әлі жалғасады
- автор kyn.kz
- 15 маусым, 2024
- 624
14 маусымда журналистер Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллинадан бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған судья Айжан Құлбаеваға байланысты қозғалған іс туралы сұрақ қойды.
Рахметуллина журналистердің "судьяны әлі күзетіп жүр ме?" деген сұрағына "қауіпсіздік шарасы әлі жалғасады деп айтылған" деді.
Сәуірдің ортасында Жоғарғы сот Астананың полиция департаменті Бишімбаевтың сотын жүргізіп жатқан судья Айжан Құлбаеваға қоқан-лоқы көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады деп хабарлаған. Сот судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен сес көрсеткен хабарламалар түскенін айтқан. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі бойынша ("Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсатында сот қызметіне араласу") қаралады деген. Жоғарғы сот сол кезде жеке қауіпсіздік шарасы жөнінде хабарлаған.
Мамырда БАҚ жөніндегі судья-үйлестіруші Алма Есімова сот процесінен кейінгі баспасөз мәслихатында судьяға қоқан-лоқы көрсету фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, судьяны әлі күзетіп жүр деп айтқан. "Құлбаеваны қанша уақыт күзетіп жүреді?" деген сұраққа Есімова мұны "тергеу жүргізіп жатқан орган шешеді" деп жауап берген.
13 мамырда Астанадағы сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты "әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен 24 жылға түрме жазасына кесті. Бишімбаев Нүкенованың өліміне кінәлі екенін мойындады, бірақ "қасақана өлтірмегенін" айтты. Сот "қылмысты жасырды" деп айыпталған оның туысы Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады.
Бишімбаев пен Байжанов апелляциялық шағым түсірген, оны 26 маусымда қарайды деп жатыр.