«Психикалық ауытқуы бар ма»: Баян Алагөзова белгілі блогермен соттасып жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 шілде, 2024
- 750
Танымал продюсер Баян Алагөзова балалар жазушысы, журналист Дана Орманбаеваны өзіне тіл тигізді деп айыптап сотқа берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот отырысына Баян Алагөзова мен Дана Орманбаева онлайн форматта қатысты.
Продюсер Дана Орманбаеваның “с***а, м*****а” деп балағаттап, қорлағанын айтты. Осылайша абыройы мен қадiр-қасиетiне, іскерлік беделіне нұқсан келгенін атап өтті.
“Айыпталушы маған ғана емес, сондай-ақ достарыма, күйеуіме, тіпті балама да тіл тигізді. Бұлай не мақсатпен істеп отырғанын білмеймін. Дені сау адам мұндай нәрсе жасамайды. Соған қарағанда психикалық ауытқуы бар деп ойлаймын”, – деді сот отырысына онлайн қатысқан Баян Алагөзова.
Дана Орманбаеваның адвокаты Таир Назханов жәбірленушіге “Сіз неше рет тұрмыста болдыңыз?”, “Өзіңізді бөтен отбасының шаңырағын шайқалттым деп ойламайсыз ба?” деген сұрақтар қойды. Алайда қорғаушының бұл сұрақтары алынып тасталды.
Айыпталушы тарап судьяның объективтілігіне күмәнмен қарап, істі басқа судьяның қарауын талап етті. Бұл туралы Дана Орманбаева өзінің Instagram-дағы парақшасында да жазды.
“Біз судьяны ауыстыруды талап еттік. Таир Назханов, Абзал Қасымжанов өз ісін тамаша атқарып шықты. Жиналғандардың көз алдында талапкерден жауап алу кезінде ол жеңілді. Соттың әділетсіздігі көрер көзге анық байқалды. Талапкер қорғаушысының дөрекілік танытып, өзін-өзі ұстай алмағанын да көпшілік көрді”, – деп жазды Дана Орманбаева.
Дана Орманбаева мен оның қорғаушысы судьяның ауысуын талап еткендіктен сот отрысы аяқталды. Келесі тыңдалымның қашан өтетіні әзірге белгісіз.