Қызылорда облысының әкімі боксшы Қамшыбек Қоңқабаеқа екі бөлмелі пәтер сыйлады
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 шілде, 2024
- 1.0k
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев боксшы Қамшыбек Қоңқабаевке екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасы жариялады.
Қоңқабаев Парижде +92 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. Ол өткен жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанып, Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын.
"Олимпиада ойындарына қатысып, жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Бұл – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Чемпиондарымызға қарап, мыңдаған жастың спортқа деген құлшынысы артады. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – елдің ыстық ықыласы мен тілегін жеткізу. Арқа сүйейтін, тілеуіңді тілейтін қалың еліңнің, жерлестеріңнің атынан өзіңді қолдау әрі ынталандыру үшін арнайы сый-сияпат жасап, баспана кілтін табыстауды жөн көрдік", – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда қатысады.




