Әртүрлі ауруларға алып келуі мүмкін: Америкалық биолог Қазақстандағы уақыт белдеуінің зиян тұсын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 шілде, 2024
- 374
АҚШ Хронобиологы, Ұйқы және циркадты ритмдер зертханасының директоры Мэри Карскадон Қазақстандағы уақыт белдеуі туралы айтып, бұрынғы белдеуге қайта оралу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сұхбатын әлеуметтік желілерде медициналық психолог Евгений Ян жариялады.
«Қазір қазақстандықтар джетлаш режимінде жүр, себебі олардың денесі мен ритмдері күн мен түн ритміне үйлесіп жатқан жоқ. Уақыт айырмашылығы өте алшақ болғандықтан, адамдардың көбі мұндай графикке бейімделмеген», - деді ол.
Карскадонның сөзінше, сағат 03:00 пен 04:00 аралығында таңның атуы тұрғындардың таңертең ерте тұратын 1 пайызына ғана тиімді, ал көбіне ыңғайсыз. Биологиялық ерекшеліктеріне қарай бұл жасөспірімдер үшін өте ауыр, дейді сарапшы.
Ол бұл жағдай ағзадағы қабыну процестері артып, иммунитеттің әлсіреуіне, әртүрлі ауруларға алып келуі мүмкін екенін айтты. “Қатені мойындап, дұрыс уақыт белдеуіне қайта оралуға болады дейді маман.
Айта кету керек, Мэри Карскадон халықаралық хронобиологтар қауымдастығының мүшесі, АҚШ үкіметіне жасөспірімдердің циркадты ритмі мен мектеп уақыты туралы кеңес береді.