Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Еуро-2024. Испания чемпион

Еуро-2024. Испания чемпион
news.sportbox.ru
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Испания мен Англия құрамалары кездесті.

ҚазАқпараттың дерегіне қарағанда, кездесудің алғашқы минуттарында испаниялық футболшылар белсенділігімен көзге түскен.

Қос қанаттан шабуыл жасап, гол соғуға жақын болды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезең басталған сәтте испаниялық футболшылар есеп ашып кетті.

Небәрі 17 жасар Ламин Ямаль әріптесі Нико Уильямске нәтижелі пас шығарып берді.

Соңғысы қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды.

Ламин Ямаль құрлықтық додада өзін осылайша жақсы қырынан таныта білді. Әріптестері төрт мәрте нәтижелі пас шығарса, екі голдың авторы атанды.

Англиялық футболшылар да таразы басын теңестіруге ұмтылды. Оған испаниялық қорғаушылар лайықты тосқауыл қоя білді.

Есесіне ағылшын құрамасы өз қақпасына гол жіберіп ала жаздады. Бұл сәттерде қақпашы Джордан Пикфорд сенімді ойын көрсете білді.

Ойынның 73-минутында англиялық Коул Палмер таразы басын теңестірсе, 86-минутта испаниялық Микель Оярсабаль жеңіс голын соқты.

Осылайша Испания қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанды.

Айта кетсек, олар бұдан бұрын 1964, 2008, 2012 жылдарда құрлықтық додада жеңімпаз болған еді.

Екі құрама бұған дейін 27 мәрте кездесіп, 10-дa Испания, 13-де Англия басым түссе, қалғанында тең түскен.

2028 жылғы Еуропа чемпионаты Ұлыбритания мен Ирландияда өткізіледі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар