Семейде жігіті әйелді көлікпен таптап өлтірді: сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 шілде, 2024
- 485
Семейде сүйген жігіті көлікпен таптап өлтірген Диана Сүлейменованың ісі бойынша сот үкім шығарды. Александр Галушкин 9 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Марқұмның отбасына 5 миллион теңге материалдық шығын төлеуге де міндеттелді. Алайда сотталушы үкіммен келіспей отыр. Енді айыпталушы тарап, істі қайта қарауға жолдамақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға былтыр 15 желтоқсанда болған. Кездесу кезінде Александр мен Диананың арасында кикілжің басталады. Сол сәтте жігіт оны тастап, үйден кетуге бел байлаған. Алайда Диана жігітін тоқтатпақ болған. Ал ішімдік ұрттаған азамат ашуға булығып, көлігінің капотында отырған сүйіктісін ұшырған күйі таптап өткен.
«Диана оны құтқарды. Ішімдік ішіп жүрмеуін сұраған. Ол мас болған. Бұған құлақ аспай көлігімен жүріп кеткен. Видеода көрініп тұр, қызымды қатты жылдамдықпен сүйрегені. Ол оны шын жақсы көрді. Әр кезде соның қасынан табылатын», - дейді Д.Сүлейменованың анасы Елена Котова.
Артынша, өзі ауыр жараланған сүйіктісін ауруханаға жеткізіпті. Денесінің сау тамтығы қалмаған Дина жансақтау бөлімінде 15 сағат жатып көз жұмды. Оның өліміне бас сүйектерінің сынуы мен ашық ми жарақаты себеп болған.
Ал Александр Галушкин сотта оны қасақана өлтірмегенін айтып ақталды. Сондай-ақ, өзіне қатысты қозғалған 106 бапты ауыстырып, жазаны жеңілтуді сұрады. Диана Сүлейменованың өліміне қастысты қылмыстық іс үш ай тергеліп, төрт айға жуық сотта қаралды. Ақыры судья күдіктіні қасақана кісі өліміне айыпты деп тапты. Сондықтан Александр Галушкинді 9 жыл алты айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.
«ҚР ҚК 106-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Галушкин Александр Владимирович кінәлі деп танылсын және 10 млн. теңге өтемақы төлеуге міндеттелсін. Сондай-ақ 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді судья Лариса Федосова.
Бірақ айыпталушы тарап бұл үкім «тым ауыр» деп келіспеді. Олар алға тартқан «дәлел-дәйектеріміз ескерусіз қалды», дейді. Енді істі қайта қарауға жолдамақ. Ал марқұм Диананың артында 13 жасар ұлы қалған.