Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Атырауда оқушы 13 жастағы қызға шабуыл жасады: оның буллингке ұшырағаны белгілі болды

Атырауда оқушы 13 жастағы қызға шабуыл жасады: оның буллингке ұшырағаны белгілі болды
Сурет: видеодан скриншот
Атырауда 13 жасар қызға пышақпен шабуыл жасаған 16 жастағы оқушы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот процесі кезінде жасөспірімнің шабуылға дейін бірнеше рет көмек сұрағаны, сыныптастарының мазағына ұшырағаны және осы жағдайдан ересектердің хабардар болғаны анықталды. Соған қарамастан, қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болмады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Halyqstan арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 2026 жылғы 13 наурызда Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. 9-сынып оқушысы бұрын таныс болмаған 13 жасар қызға пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан оқушы бес жерінен жарақат алып, ота жасатқан. Дәрігерлердің көмегімен аман қалған.

6 қарашада алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында жасөспірім кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотта белгілі болғандай, 2025 жылдың қазан айында ол мектеп психологына жүгініп, сыныптастарының өзін келемеждейтінін айтқан. Тергеу барысында оқушының есімін бұрмалау, ұлты мен сыртқы келбетіне қатысты кемсіту сөздерін айту фактілері расталған. Алайда оны жүйелі түрде ұрып-соғу және қорлау деректері дәлелденбеген.

Бұған дейін сотталған баланың анасы ұлының шамамен екі жыл бойы буллингке ұшырағанын айтқан. Оның сөзінше, кейбір мұғалімдер оқушылардың мазағын тоқтатудың орнына, өздері де баланы келемеждейтін сөздер қолданған. Қаңтар айынан бастап жасөспірім күн сайын дерлік ішінің ауыратынын айтып, сабаққа кешіге бастаған. Отбасы оны басқа мектепке ауыстыруды да ойластырған.

Алайда шабуылдан кейін BINOM мектебінің әкімшілігі оқу орнында буллинг белгілері анықталмағанын мәлімдеген.

Жасөспірімге қатысты алаңдатарлық белгілер бұдан бөлек те болған. Қылмысқа бір ай қалғанда, ақпан айында ҰҚК қызметкерлері оның интернеттегі парақшаларынан діни-экстремистік сипаттағы материалдарды анықтаған. Осыдан кейін онымен теологтың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тергеу мәліметінше, оқушы шабуылды алдын ала жоспарлап, өз ниеті туралы жазбалар да қалдырған.

Осылайша, жасөспірімнің мінез-құлқына қатысты бірнеше дабыл болған. Бірақ олардың ешқайсысы қайғылы оқиғаның алдын алуға көмектеспеді. Шабуылдан кейін BINOM мектебіне Астанадан арнайы комиссия келіп, ішкі тексеру жүргізген. Алайда оның қорытындысы көпшілікке жарияланған жоқ.

Тексеру барысында педагогтер мен мектеп әкімшілігінің әрекетінен заңбұзушылық анықталды ма, жауапты тұлғаларға қандай да бір тәртіптік шара қолданылды ма, әзірге белгісіз.

Сонымен қатар сот процесінің қорытындысы бойынша судья қылмысқа ықпал еткен мән-жайларға байланысты оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорының атына жеке қаулы шығарған.

Енді оқу-ағарту министрлігі мен Атырау облысының прокуратурасы жасөспірімнің мәселесінен алдын ала хабардар болған ересектердің әрекетіне құқықтық баға беріп, қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлауы тиіс. Осы тексерулерден кейін ғана мектеп мұғалімдері мен әкімшілігі тарапынан қандай да бір олқылықтарға жол берілген-берілмегені және буллингтің алдын алу жүйесі қайғылы оқиғаға дейін іске қосылуы мүмкін болған-болмағаны белгілі болмақ.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар