Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Бір күнде жетім қалдым»: Бақтияр Артаев ата-анасы жол апатына түскен кезді еске алды

«Бір күнде жетім қалдым»: Бақтияр Артаев ата-анасы жол апатына түскен кезді еске алды
olympic.kz
Боксшының ата-анасы ауыр жол апатынан көз жұмған.

Боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев "Асылтас" телеарнасының бағдарламасына берген сұхбатында ата-анасынан айырылған кезін еске алды. Бұл туралы Massaget.kz жазды.

Боксшының ата-анасы ауыр жол апатынан көз жұмған.

  "2012 жылы бір күні анам әкемнің інісінің туған күні екенін, 40 жасқа толып жатқанын айтты. "Бәріміз бара жатырмыз, сен де барасың ба?" деп сұрады. Мен "иә, барайын, үйде жалғыз қалғаннан не істеймін" деп келістім. Содан бірге бардық, мен "ертең жұмыс, кездесулерім бар, жиналыс" деп ұлымды алып, ерте қайтып кеттім. Артынша 3 сағаттан кейін ағам қоңырау шалып, суық хабарды жеткізді.

"Бақтияр, ата-анамыз жол апатына түсіпті" деді. Сол кездері отбасымызда күнде көлік соқтығысып кетті. Таңертең ағам соқтығысса, кешке інім, ал ертесіне әкем соқтығысатын. Күнде жол апаты. Сондықтан жүйкем шыдамай, "өзің бара берші, күнде соқтығысып жатырсыңдар ғой, көлік қалмады" дедім. Сонда ағам "Бақтияр, бұл жолы қатты соқтығысқан сияқты, әдеттегідей емес, өйткені ата-анамыз емес, бөтен біреу қоңырау шалды, жағдайлары ауыр секілді" деген кезде денем мұз болып, қатып қалдым. Ағам да, мен де бөлек үйде тұратынбыз. "5 минутта кездесейік" деп бір мекенжайды белгіледік, айтқан жер негізі алыс, бірақ суық хабарды естігеннен кейін қалай жеткенімді білмей қалдым. Үйде жатқан киіміммен көлікке отырып, сағатына 180 шақырым жылдамдықты басып барыппын. Сонымен ағам екеуміз екі көлікпен Айшабибіге қарай бағыттадық.

Негізі 20-30 минут жол жүретін жер ғой, соған 7-8 минутта жетіппіз. Ағам екеуміз жарысып, сағатына 160-180 шақырым жылдамдықта жүріп келдік. Бір уақытта ағам 200-ге дейін басып, менің алдыма шығып кетті, оны басып озайын деп алдына шықтым. Ағамды тоқтаттым да, "ата-анамызға бара жатырмыз, екеуміз де олардың артынан кетіп қалсақ, балаларымызға кім бас-көз болады?" деп оны тыныштандыруға тырыстым. Содан Айшабибіден өткеннен кейін жылдамдықты азайтып, осы маңда шығар деп жан-жағыма қарай бастадым. Алыстан бір темір көрінді, "шамасы осы ау" дедім. Алдына барсам, көліктен дым қалмаған. Көріністі көріп, сұп-сұр боп қатып қалдым, тілімді жұтып қойдым. Мынадай жол апатынан адамның тірі қалуы мүмкін емес. Көліктен түсіп, ұялы телефонымнан шам жақтым да, шөптің арасынан ата-анамды іздедім.

Бір уақытта әкемнің дауысын естідім, ыңырсып жатыр екен, алдына бардым да бірінші сұрағым "әке, анам қайда?" болды, әкем одан сайын ыңырси бастады. Шамды бетіне жағып едім, бет-аузының бәрі қан, шекесі екіге айырылып кеткен. Анамды іздедім, шөптердің арасында анам жатыр екен, көтеріп көлікке апарайын десем, көтере алар емеспін. Аузынан қан ағып, бет-аузы ағарып кеткен. Мұндайды көзбен көру оңай болмады", – деді ол.

Жол апаты болған көлікте спортшының ата-анасынан бөлек, ағасының екі қызы болған.  "Бізге қоңырау шалған адамдар жолдың арғы бетінде тұр екен. Көлікте ата-анам және ағамның екі қызы болған. Біреуі әжесінің, екіншісі атасының жанында отырған. Жол апатына түскен бір көлікте 4 адам отырған, екеуіне ешнәрсе болмаған, екеуінің жағдайы нашар. Анам оқиға орнында қайтып кеткен, әкем ауруханада қайтты. Бір күнде жетім қалдым", – деді спортшы.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар