«Жаңбыр адам». Министрлік Алтай Айнабектің жобасына қатысты пікір білдірді
- автор kyn.kz
- 23 шілде, 2024
- 1.4k
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейін Аралды жаңбыр суымен толтыру жобасын көтеріп жүрген Алтай Айнабек туралы пікір білдіріп, бұл тәсілді жан-жақты зерттеу керек екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Экология министрлігімен бірге жұмыс істедік. Бірақ қазіргі таңда ешқандай ғылыми қорытынды да, нақты тәжірибе де жоқ. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын. Ондай жобаға субсидия беру деген бізде ешқандай заңға жатпайды», - деді Азат Сұлтанов.
Оның сөзінше, министрлік заңды бірнеше рет зерттеген, әрі оларға мұндай жоба ұсынған шетелдіктер де болған көрінеді.
«Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінде 2-3 жыл бұрын сумен проблема болғанын білетін шығарсыз. Сол кезде бұлт шақырып, жаңбыр жауғызайық деген ұсыныс берілді. Бірақ бұл мәселенің бірнеше қыры бар. Бір жағынан экологияның мәселелері де бар. Бұл - табиғат қой. Бір жерде жаңбыр жауғанымен, келесі бір жерге зияны тиюі мүмкін. Мына жерде жаңбыр жауғанымен, басқа жерден ылғалы ауып кетуі мүмкін. Оның бәрін зерттеу қажет», - деді ол.