Ер адамдарға перзент асырап алуға рұқсат: Динара Зәкиева қарсылығын білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 шілде, 2024
- 398
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ер адамдарға перзент асырап алуға рұқсат беруге қарсы. Онсыз да көңілі жарым ұл-қыздардың қауіпсіздігі үшін заңдағы тыйымды сақтап қалу қажет дейді Динара Зәкиева, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Бұл мәселе талқыланып жатқанда мен және бала құқықтарын қорғау комитеті ұл-қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолданыстағы заңнамадағы балаларды некеде тұрмаған ер адамдарға асырап алуға беруге тыйымды сақтау қажет деген ұстанымды жолдадық. Конституциялық соттың шешімін ескере отырып, заңнамаға енгізілген өзгерістерді пысықтау кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық механизмін көздеу қажет деп санаймын. Бала асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды арттыру қажет», - дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.
Бұған дейін «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, бойдақ ер адамға бала асырап алуға тыйым салынып келген. Бірақ жетімдер үйіндегі тәрбиеленушіні бауырына баспақ болған азаматтардың бірі бұл ережеге қарсылық білдіріп, Конституциялық сотқа жүгініпті. Бұл тұрғындарды жынысына байланысты кемсіту екенін алға тартқан. Себебі, басы бос әйелдерге мұндай шектеу қойылмаған. Енді, міне, бала асырап алу бойынша ерлер мен әйелдерге тең құқық беріліп отыр. Конституциялық сот шектеуді алып тастаған. Демек, енді елімізде бойдақ ер-азаматтар да бала асырап алуға құқылы. Айта кетерлігі, 2023 жылға дейін бала асырап алуға ниет білдірген бірде-бір ер адам болмапты.
«Конституциялық сот бұл норманы конституциялық емес деп, жынысы бойынша кемсітуге жол бермеуді ұстанды. Бұл шешімді шығарған кезде, ең алдымен, құқықтық қорғауды қажет ететін балалардың мүддесін ескерді. Сондықтан заңнама алдымен некеде тұрған және отбасылы ер мен әйелдің бала асырап алуын қолдайды», - ҚР Конституциялық сотының талдаушысы
Жанар Сәрсенбаева.