Павлодар облысында босанып қалған 12 жастағы қыздың отбасы туралы дерек шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 шілде, 2024
- 416
Павлодар облысында босанған 12 жастағы оқушыға қатысты жаңа деректер шықты. Бұл туралы Павлодар облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның тапсырмасымен жуырда босанған оқушының отбасы тұрып жатқан Галкино селосына барған.
"Анасымен сөйлескен кезде бұл отбасы 2019 жылы Қазақстанға Моңғолиядан екі баласымен көшіп келгені, ал Павлодар облысына бұрын осы Галкино ауылына қоныстанған туыстарының шақыруымен келгені белгілі болды. Қазақстанда бұл отбасында тағы 3 бала дүниеге келген, қазір балалардың анасы 2022 жылы туған сәбиіне қарау үшін демалыста. Анасы оқи да, жаза да алмайды. Ол құжаттарға атын ғана жаза алады. Отағасы 6-сынып бітірген, ешқандай мамандық игермеген. Мектепте уақытша пеш жағушы болып жұмысқа орналасқан. Қазір жұмыс істемейді", - деп жазды ол.
Босанған қыздың ата-анасы жүктілік туралы мектептегі мұғалімдерден 3 сәуірде естіген.
"Сол күні заңды өкілдердің рұқсатымен ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, жүктілік расталған. Қыз дереу дәрігерлердің бақылауымен аудандық ауруханаға жатқызылды, мұнда ол 19 шілдеге дейін болды. Мектеп басшылығы ауруханада оқу жылының соңына дейін оқушыға онлайн оқу ұйымдастырды.
Оқушы 3 жарым ай бойы ауруханада болған кезінде киім, аяқкиім, азық-түлік мектептің педагог құрамының жеке қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі міндет ерте жүктіліктің сәтті нәтижесі болды. Нәтижесінде салмағы 3360 грамм болатын дені сау қыз бала дүниеге келді", - деді Павлодар облыстық Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Облыстық перинаталдық орталықтан шығарылғаннан кейін оқушы сәбиімен бірге одан әрі қайда орналасатыны туралы мәселе жақын арада шешілетіні айтылды.
"Қыздың әкесінің де, анасының да айтуынша, жыныстық зорлық-зомбылық туралы білмеген, тіпті күдіктенбеген. Қазір олар күдіктінің отбасымен туыстық қарым-қатынас тоқтағанын айтты. Мектеп әкімшілігі кәмелетке толмаған оқушының жүктілігі, сондай-ақ, оған қатысты жыныстық зорлық-зомбылық дерегі туралы уәкілетті және құқық қорғау органдарына дереу хабарлады", - деді Сәуле Шәкенова.