“Үкімет бізді пайдаланды”: белгілі зілтемірші Алматыда күзетші болып жүр
- автор Томирис Тоныкөк
- 2 тамыз, 2024
- 718
Кезінде аты дүркіреген зілтемірші Алмас Өтешов қазіргі кезде Алматыда күзетші болып жұмыс істейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы спортшы «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Айтуынша, ауыр салмақ көтергеннен қазіргі кезде омыртқасында 4 грыжа бар екен.
«Қазақта «Ердің басына күн туса, етігімен су ішер» дейді ғой. Қазір соны бастан кешіріп жатырмын. Көтерілсең, бәрі қолпаштайды. Бір сүрінсең, бәрі жек көріп кетеді. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. 230 келіні көтере салу деген оңай емес. Доппинг деп жатады, бірақ ондай салмақты басыңнан асыру оңай емес. Соны көтердік. Қазір омыртқамның төрт жерінен грыжам бар”, - дейді ол.
Спортшы өзінің ешкімге керек болмай қалғанына налитынын жеткізді.
“Не айтамын, қазағымды жақсы көремін, қазақ болып туғаныма мақтанамын. Бірақ сүрінсең, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Сол қорлыққа шыдамай Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсады. Альберт Линдер де арамыздан ерте кетті. Кезінде Үкімет бізді пайдаланды. Туды көтердік. Одан кейін ешкім болмай қалдық. Омыртқадан омыртқа, тізеден тізе қалмады. Ешқандай өтемақы жоқ. Қазір Алматыда күзетші болып жұмыс істеймін», — деді спортшы.