Шымкентте әйеліне пышақпен шабуыл жасаған ер адам үш айлық сәбиді теуіп, лақтырып жіберген
- автор kyn.kz
- 3 тамыз, 2024
- 952
Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Шымкентте ер адам әйеліне пышақпен шабуыл жасап, үш айлық сәбиді теуіп, лақтырған деп хабарлады. Аталған жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласында 53 жастағы ер адам әйеліне қол көтеріп, үш айлық сәбиін де аямаған. Ауыр соққы салдарынан нәресте қалалық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында жазды. Қоғам белсендісі зардап шеккен ана мен баланы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы дер кезінде қабылдамай, уақытылы медициналық көмек көрсетілмегендіктен сәбидің басына қан кеткенін жазған.
"Неге жалғыз менің жүрегім ауыруы керек? Бүкіл ел көрсін қандай істерде жүретінімді. Түнгі сағат 4:00 те “Роща ауруханасы ана мен баланы қабылдамай жатыр”, деп хабарласты. Құдайдан қорықпайтындар, "Айгүл Орынбек келеді", деген соң ғана көмек бере бастаған.
Бірақ өте кеш баланың басына қан кетіп, реанимацияға түскен. Үш айлық баланы теуіп, лақтырып, әйеліне пышақ жүгірткен оңбаған әлі қамауда емес! Әшейінде басқаларды бірден қамауға алатын прокуратура бұл жолы нені күтіп отырғанын білмеймін?
Бас прокуратурасы тұрмыстық зорлық -зомбылықпен Шымкент прокуратурасы қалай күресіп жатқанын көріңіздер! Ауруханаға барса "адам көп, үйлеріңе қайтыңдар", деген дәрігерді жазалау керек! Қор ашып "Балалар, әйел құқығын қорғап жүрміз" деп мемлекеттен миллиондап ақша алып жүргендер қайдасыңдар? Шымкентте бала құқығын қорғайтын омбудсмен бар ма өзі?”,- деп жазды Айгүл Орынбек.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Ведомство мәліметінше, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынған. “Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Күдікті тұлға қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде”,- делінген хабарламада.
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы nur.kz тілшісіне берген жауабында жазбадағы ақпараттың негізсіз екенін мәлімдеді. Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекші дәрігер тарапынан пациентті ауруханаға жатқызбау дерегі болмаған. Анасы мен баласы №1 қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған. Дегенмен көптеген жарақат салдарынан баланың денсаулығына қауіп төнгендіктен, дәрігерлер 3 айлық сәбиді балалар ауруханасына ауыстыруға мәжбүр болған мәлімдеді.
"Пациент үш айлық баласымен №1 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне 1 тамызда түнгі сағат 23:57 жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Қабылдау бөлімінде тиісті тексерулерден толық өтіп, қажетті мамандар қарап, науқасты сағат 00:40 баласымен бірге жеке палатаға нейрохирургия бөлімшесіне "Бас миының жабық жарақаты. Ми шайқалу. Жүктіліктің 12 аптасы" диагнозымен жатқызылды. Яғни, кезекші дәрігер тарапынан науқасты ауруханаға жатқызбау фактісі болған жоқ", - делінген хабарламада.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызының сөзінше, 3-айлық бала қатты жылап мазасызданғаннан кейін, анасы баласының күйеуінен соққы алғанын айтты.
"Қарау барысында баланың басында және денесінде соққы іздері анықталды. Дереу жедел жәрдем шақыртылып, баланың денсаулық жағдайына байланысты қалалық балалар ауруханасына жіберу шешімі қабылданған. Бірақта анасы ауруханадағы емінен бас тартып, баланы жалғыз тастамаймын деп, келген жедел жәрдем көлігімен қалалық балалар ауруханасына барған.
Қазіргі таңда бала Асардағы балалар ауруханасының реанимация бөлімінде "Жабық бас ми жарақаты. Бас миының соғылуы. Сол жақ төбе сүйегінің сызықты сынуы. Мидың сол жақ жарты шарының төбе аймағының эпидуральды пластинкалы гематомасы. Мойынның, арқаның және жамбас аймағының жұмсақ тіндерінің соғылуы мен көгеруі" диагнозымен ем қабылдап жатыр. Жалпы жағдайы алған жарақатына және негізгі ауруына байланысты ауыр. Басы гидроцефальды формада. Өздігінен демала алады. Гемодинамикасы тұрақты", - дейді Лаура Нақыпқызы.
Науқас балаға клиникалық хаттамаға сәйкес тексеру әдістері мен емдеу тағайындалған. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысының айтуынша, анасы қалалық клиникалық ауруханасындағы нейрохирургия бөлімшесіне қайта жатқызылып, ем қабылдап жатыр.