«18-ге толғанда баланы үйден қуып жібереді»: Ләйлә Сұлтанқызы бала тәрбиесіне қатысты айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 тамыз, 2024
- 1.1k
Белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы бала тәрбиесіне қатысты ойын айтты. Олар 18 жасқа толғанда бөлек жіберу қаншалықты дұрыс екенін көпшіліктен сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті. Ол ана мен бала арасындағы сепарация туралы сөз етті. Сөзінше, балалары өзінің рұқсатынсыз жатын бөлмесіне де кірмейді екен.
«Менің жатын бөлмеме рұқсатсыз кірмеңдер деп ұрысамын. Психологияда сепарация деп баланың ата-анасынан бөлініп, бірте-бірте тәуелсіз тұлғаға айналуын атайды. Дер кезінде түсіну, бөліну, жіберу, босату болмаған соң біз көп жағдайда өмірімізді оларсыз елестете алмаймыз. Қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Шетелде 18-ге толғанда баланы үйден қуып жібереді екен (өз күнін өзі көрсін, жеке тұлға деп) дегенді естігенмін. «Бұл қалай?» деп ойланып қалдыңыз ба? Балаларымыз:
Өз өмірі, оны өздігінше қабылдайтынын;
Қарсылық білдірсе, оны қалыпты жағдай екенін;
Біз әперген киімді кимейтінін, біз айтқанды жемейтінін, біз қалаған шаш үлгісін таңдамайтынын;
«Өзім білем» деген сөз білмесе де айтыла салатын сөз екенін;
Анашым бос емеспін, сосын хабарласамын дейтінін;
Бізді асырауға міндетті емес екенін... жалғастыра беруге болады. Біз, ата-аналар, қабылдап, ойлап, уайымдап, 18-ге келгенде өз еркіне босата аламыз ба (іштей)? Босата алмасақ, оны мойындап, босатудың жолдарын кімнен сұрап, қайдан білеміз? - деді Ләйлә Сұлтанқызы.