Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Арман Қырықбаев PARAQTA жобасының авторларымен кездесті

Арман Қырықбаев PARAQTA жобасының авторларымен кездесті
paraqta
Мәдениет министрі PARAQTA платформасының авторларымен кездесті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық PARAQTA онлайн кітапхана платформасының бастамашылары Ердәулет Аянұлы мен Керім Аянқызын қабылдады, деп хабарлайды Kyn.kz.

Бұл туралы Ердәулет Аянұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, министр PARAQTA платформасы туралы жарияланымдарды көріп, жоба авторларын кездесуге шақырған.

Кездесу барысында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған.

Атап айтқанда, министрліктің үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері талқыланды. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркеліп, 842 мыңнан астам кітап оқылған. Сонымен қатар қатысушылар кітап туралы 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.

Ал PARAQTA платформасына бүгінге дейін 15 186 оқырман тіркелген. Олар 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты толық аяқтаған. Жоба аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

PARAQTA – кітап оқуды жүйелі әдетке айналдыруға және бастаған шығарманы соңына дейін оқып шығуға көмектесетін отандық цифрлық платформа. Мұнда электронды кітаптармен қатар, қағаз кітаптарды оқу белсенділігі де есепке алынады.

Ердәулет Аянұлының айтуынша, жобаның іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Алты ай бұрын платформаның сайты ашылса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болған.

Кездесуде жоба авторлары кітап қорын кеңейту мәселесін де көтерген. Қазір платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Алайда оқырмандар қосымшада тікелей оқуға болатын кітаптар санының артқанын қалайды.

Министрлік PARAQTA платформасының кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берген. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланған.

Ердәулет Аянұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға бастамаға қызығушылық танытып, қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

Жоба авторларының негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттап, қазақстандық оқырмандардың басын біріктіретін қолжетімді цифрлық орта қалыптастыру.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар